Үгіт-насихат науқаны белсенді өтуде

Үгіт-насихат науқаны белсенді өтуде

Президенттікке кандидат Мейрам Қажыкеннің сайлауалды штабының жетекшісі Әбіл Кекілбаев аймақтық штабтардың жұмысына, халық көп қоятын сауалдарға арнайы тоқталды. Жалпы, «Аманат» кәсіподақтар достастығы атынан президенттікке үміткер Мейрам Қажыкен өзінің сайлауалды бағдарламасында еңбек адамдарына басымдық берген. Еліміздің әр түкпіріне барып, кішігірім және үлкен кәсіпорындарға бас сұғып, жұмысшылардың мәселесіне мән беруде. Қазіргі уақытта батыс өңірлерді аралап жүрген кандидат алдағы уақытта Түркістан облысы мен Шымкент қаласына ат басын бұрады. «Үгіт-насихат жұмыстарымен облыс пен қалалардың бәрі толық қамтылған. Әсіресе өңірлердегі штабтар белсенді жұмыс атқарып жатқанын айта кеткен жөн. Мейрам Қажыкен сайлауалды бағдарламасында жалақы мәселесін басты бағыт ретінде алған. Сондықтан көптеген сауал еңбекақыға қатысты болады. Сондай-ақ әйелдер тарапынан зейнет жасын төмендетуге қатысты ұсыныстар көп келеді. Кандидат мұның бәрін ескеріп, бағдарламасының басым бағытының біріне қосуда», – дейді штаб жетекшісі Әбіл Кекілбаев. Мейрам Қажыкенге еңбек адамдарының ықыласы ерекше көрінеді. Кекілбаевтың айтуынша, кәсіпорындарда жарты сағатқа ұйымдастырылған жиындар жұртшылықтың белсенділігінің арқасында 2 сағатқа созылып кетуде. Сайлаушылардың көбінде әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруына деген үміт бар.