Сайлауға Ұлы Отан соғысының ардагері қатысып, дауыс берді

Сайлауға Ұлы Отан соғысының ардагері қатысып, дауыс берді

Абай облысында президенттік сайлауға Ұлы Отан соғысының ардагері Елеусіз Кинбаев қатысты. Ардагер өз таңдауын жасауды азаматтық парызы деп санайды. "Ел басшысын дұрыс таңдау өте маңызды. Сайлауға қатысу – барлық қазақстандықтар үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік", – дейді ҰОС ардагері. Елеусіз Кинбаев 1925 жылы 11 наурызда Көкпекті ауылында дүниеге келген. 16 жасынан бастап "Ақжал" кенішінде жұмыс істеді. Жұбайымен бірге 8 бала тәрбиеледі, бүгінде 6 бала тірі. Жұбайы Сара  Кунапьянова   2007 жылы Ақтас ауылында қайтыс болды. 1943 жылы әскер қатарына шақырылды. Амур облысы Благовещенск қаласында 120-шы миномет артиллериялық полкі қатарында майданға қатысты. "Маршал Жуков ордені", "Сталин ордені" және бірқатар мерейтойлық наградалармен марапатталған. 1945 жылы Жапон басқыншыларына қарсы соғысқа қатысты. "Жапонияны жеңгені үшін" медалімен марапатталды. 1948 жылы еліне оралып, "Шігілік" совхозына жұмысқа орналасты, онда малшы болып жұмыс істеді, содан кейін май зауытында сүт таситын көлік жүргізушісі болып жұмыс істеді. Еңбек ардагері. Еңбегі бағаланып, Румынияға жолдама арқылы жіберілді. Жалпы жұмыс өтілі – 43 жыл. 1984 жылы құрмет демалысына шықты. Қазір Абай облысы  Көкпекті ауданы Ақтас ауылында тұрады.