Қазақ қайраткеріне – құрмет

Қазақ қайраткеріне – құрмет

Қарақалпақстанның Бес­қа­ла мемлекеттік өлке­тану музейінде қандасымыз Өте­ғұл Бектұрғанов бұрышы ашыл­­ды. Ондағы «Бектұрған әулеті» жинағы, фотосурет­тер, құжаттар белгілі тұлға өмі­рінен, өткен кезеңнен сыр шер­теді. Бұл шара бауырлас өзбек, қарақалпақ халықта­ры­мен мәдени байланыс­та­ры­­мызды жаңа сатыға көтер­ген 2018 жылғы Қазақстанда­ғы – Өзбекстан, 2019 жылғы Өз­бекстандағы – Қазақстан жы­лы аясында ұйымдасты­рыл­­ған игі істердің жалғасы. Әр істің қайыры бар. Өткен ға­сыр ұлтымызды сергелдеңге салса да, сол дәуір қазақтың пас­сио­нарлық кезеңі де болған-ды. Сол қилы заманда Әлихан Бөкей­ханов, Мұхамеджан Тыныш­баев, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Ғани Мұрат­баев, Нәзір Төреқұлов, Мең­ді­­қожа Ибниаминов, Қаландар Ади­наев сияқты қайраткерлеріміз исі қазақтың, қала берді, өзге ха­лық­тардың да ел болып, өсіп-өр­кен­деуіне үлес қосты. Бұлардан басқа да мансаптың түрлі саты­ла­рындағы ағайын елдер де ар­дақ тұтар Алаш зиялылары баршы­лық. Сондай оғландардың бірі – Өтеғұл Бектұрғанов. Ол 1906 жылы дүниеге келген. 1916 жылдан бастап Қазалыдағы Ақи­шан медресесінде, 1921 жыл­дан бастап сол өңірдегі жаңа мек­тепте білім алады. Мектеп­ті бі­тірген соң 1925 жылы Қара­қал­пақ авто­номиялы облы­сы, Төрт­күл қаласындағы мұға­лім­­­дер даяр­лай­тын курсқа қа­был­­да­на­ды. Бір жыл ішінде оқу бағдар­ла­маларын толық ме­ң­геріп, Қараөзек ауданы, Тал­дық ауылында ұстаздық қыз­ме­тін бастайды. 1932 жылы облыс басшылығы Өтеғұл Бектұрғановтың білімін жетілдіру мақсатында Ташкент қа­ла­сындағы Орта Азия мемлекет­тік университетіне (САГУ) оқуға жі­­беруге шешім қабылдайды. Атал­ған оқу орнының екі курсын бі­тір­ген соң облыс басшылығы оны кері шақырып алып, Өлке­тану музейінің директоры етіп та­ғайындайды. Жалпы, Қарақал­пақ елінде алғаш рет музей 1929 жылы 16 мамырда Төрткүл қала­сын­­дағы өлкетанушылардың көр­месі ретінде ашылған. Бұл іс­те этнограф ғалым А.Морозов­тың еңбегі ересен. Тарихи дерек­тер­ге қарағанда, 1929-1930 жыл­­­дар­да музей қорында 1022 эк­с­­по­­нант болып, оның 119-ы ар­­­хео­­­логиялық-этнографиялық ма­­те­­риал, 155-і түрлі түсті кар­тина, 748-і сурет болған. Қаржы мә­се­лесінде қиындыққа тап бол­ған музей жаңадан ашылған Қара­­қал­­пақ ғылыми-зерттеу инсти­ту­ты­­­ның құрамына енгізілген. Өтеғұл Бектұрғанов музейге келе салысымен оның күрделі жағ­­дайын байқап, КСРО Ғылым ака­демиясының басшылығы ал­ды­на мәселені көлденең қойып, шешу жолын ұсынады. Ақыры, бас­шылық оның талабымен келі­сіп, Қарақалпақ өлкетану музейі 1934 жылы дербестікке ие болып, оған мемлекеттік музей мәртебесі беріледі. Музейге 1934-1936 жылдарда басшылық еткен Ө.Бектұрғанов елдің тарихы, мәдениеті болашақ ұрпаққа өнеге боларын жете түсі­ніп, мұражай қорын молайтуға атса­лысты. 100 жылға жуық уақытта Қара­­қал­­пақ мемлекеттік өлке­тану му­зейіне көптеген адам бас­шы­лық етті. Олардың бәрі музей ісін сара жолға салып берген Өте­­ғұл Бектұрғановқа дән риза. Қа­зір­­гі кезде музей қорында 65970 экс­­по­нант бар. А.Мелкова, Я.Ғұла­мов, А.Морозова, С.Толстов, Т.Ждан­­колардың археологиялық-этно­графиялық экспедициялары нәтижесінде қолға түскен дүние­лер әлем жұртшылығының наза­рын аударуда.   Бегабат ҰЗАҚОВ