Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Іссапар аясында қала жастарымен, жергілікті орган басшылығымен, оқу орындарының ректорларымен кездесіп, қала жастары тұратын жатақханаларды аралады.
Сапар барысында Шымкент қаласындағы «Айна» базарында болып, Kenes ortalygy жұмысымен танысты. Базарда кәсіпкерлікпен айналысатын жастардың мұң-мұқтажын тыңдады. Мұнда саудагер жастарда қандай мәселе бар, олардың жұмысына не кедергі, жалпы тауар бағаларының қымбаттау себебі неде деген мәселелерге тоқталды. Жас кәсіпкер Дінмұхамедтің айтуынша, ет бағасының қымбаттауына бірден-бір себеп: жылқы, сиырға беретін жем-шөптің бағасы бірнеше есеге қымбаттап кеткен. Ал Елнұр Бейсенбаев жұмысшылармен тілдесу барысында мемлекеттің, Nur Otan партиясының, Jas Otan ЖҚ жүзеге асыратын бағдарламалары бойынша оларға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Одан соң Елнұр Бейсенбаев үшінші мегаполис жастарымен бейресми басқосты. Жиында жастарға қазіргі таңда жүргізіліп жатқан мемлекеттік бағдарламалар түсіндіріліп, 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға!» бағдарламасына ұсыныстар жиналды. Жастар Jas Otan төрағасына жатақхана, қолжетімді интернет, жоғары оқу орындарындағы өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойды. Өз кезегінде Елнұр Бейсенбаев айтылған проблемаларды тиісті министрліктерге жеткізіп, оң шешілуіне жұмыс істейтінін жеткізді. Ол «Белсенділермен әртүрлі тақырыптарға әңгімелестім, соның ішінде жастар қанатының жұмысы мен еріктілердің бір жылдық жоспары талқыланды. Қатысушы жастар Jas Otan ЖҚ бағдарламалық құжаттарында міндетті түрде ескерілетін, мардымды пікірлер мен жақсы ұсыныстар енгізді» деп атап өтті.
Jas Otan ЖҚ көшбасшысы ертесіне ОҚМПИ ректорымен кездесіп, университет қабырғасындағы Jas Otan ЖҚ филиал жұмысымен танысты. Сондай-ақ, студенттер жатақханасын аралады.
Осынау сапар барысында қалалық мәслихаттың жас депутаттарымен, жастар ұйымдарының көшбасшыларымен де кездесті.
Естеріңізге сала кетейік, Jas Otan ЖҚ жетекшісі бұған дейін Павлодар, Атырау облыстарына, Нұр-Сұлтан қаласына барып, аталған өңірлерде жастармен кездесіп, жатақханаларына мониториг жүргізген болатын.
Назгүл НАЗАРБЕК,Шымкент қаласы