Ашық сайлау өткізуге дайын

Ашық сайлау өткізуге дайын

Орталық сайлау комис­сиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын байқау жөніндегі ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының бас­шысы Оуэн Мёрфимен кез­десті. Кездесуде Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Парламент Мә­жілісі депутаттарының алдағы кезектен тыс сайлауы «Қазақстан Республикасындағы сайлау ту­ралы» Конституциялық заңға ен­гізілген өзгерістерге сәйкес, жаңа сайлау қағидалары мен нор­малары бойынша өткізілетінін мәлімдеді. Атап айтқанда, Пар­ламент Мәжілісі мен барлық дең­гейдегі мәслихат депутаттарын сайлау кезінде жаңа пропорцио­налды-мажоритарлық модельге көшу, Мәжіліс пен мәслихат де­путатын кері қайтарып алу бо­йын­ша императивті мандат енгізу, дауыс беру күні сайлау учаскесінде БАҚ өкілдерінің қатысу мүмкін­діктерін кеңейту туралы норма­лар күшіне енді. Нұрлан Әбдіров сайлау заң­намасына бірқатар басқа түзетулер 2021 жылғы парламенттік сай­лауды бақылау қорытындылары бойынша ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссия­сының ұсынымдарына толық жауап беретінін ерекше атап өтті. ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы өкіл­деріне науқанның барлық ке­зеңдері және сайлауға дайындық кезеңіндегі сайлау органдарының іс-әрекеттері туралы ақпарат бе­рілді. Комиссия Төрағасы саяси партияларды, БАҚ, ҮЕҰ өкіл­дерін, жастар мен мүгедектігі бар адам­дарды қоса алғанда, сайлау проце­сінің ұйымдастыру­шы­ларын және басқа да қатысу­шы­ларын оқыту­дың маңыздылығына тоқталды. Ол Орталық сайлау ко­­миссиясы сайлау науқанын заң­намаға қатаң сәйкес жүргізуді қам­тамасыз ететінін және са­лауат­ты және адал бәсекелестік үшін барлық жағдай жасайтынын жеткізді. ОСК Төрағасы ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясына Қазақстан Респуб­ли­касындағы сайлау мен рефе­рен­думды байқауға тұрақты қа­тыс­қаны үшін алғысын білдіріп, Мис­сияның толыққанды жұмысы үшін барлық қажетті жағдай жа­салатынын баса айтты. Өз кезегінде, ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы басшысы О.Мерфи екі ұйым арасындағы ынтымақтастық пен Миссия жұмысына жасалған жағдайлар үшін алғыс білдірді. Ол 19 наурызда дауыс беру күні ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясына ДИАҚБ офисінің басшысы мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблея­сының байқаушылар тобы қосы­латынын хабарлады. Кездесу соңында тараптар ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы өкіл­дерінің Орталық сайлау комис­сиясының тұрақты отырыс­та­рына, сондай-ақ Орталық сайлау комис­сиясы жанында ұйым­дастырылған оқыту іс-шаралары мен диалог алаң­дары­ның оты­рыс­тарына қатысу тә­жіри­бесін жалғастыру туралы келісті. Со­нымен бірге Ор­талық сайлау ко­миссиясының Төрағасы Қа­зақстан Республика­сының бар­лық өңіріне сапарлар бары­сында ЕҚЫҰ ДИАҚБ мис­сиясының өкілдерімен кездесу­лерге дайын екенін білдірді.