Велосаяхатшы мұз үстімен Балқашты кесіп өтпек
Велосаяхатшы мұз үстімен Балқашты кесіп өтпек
475
оқылды
Алматылық белгілі велосаяхатшы Александр Габченко Балқаш көлі мұзының үстімен шығыстан батысқа қарай жүріп өтуді бастады. 600 шақырымдық ерекше саяхат 10-16 күнге созылады деп күтілуде. Ол Balkhash Ice Challenge жобасы арқылы Балқаш көлін мұз үстінде велосипедпен бірінші болып жүріп өтіп, Қазақстан рекордтар кітабына енуді қалайды. Саяхатшы бұл жобаны іске асыруды 2006 жылдан бері армандаған. Сол кезде ол достарымен бірге велосипедпен Кіші Аралды айналып өткен. Александрдың айтуынша, ол кезде тәжірибесі аз және ондай экспедицияны материалдық жағдайы да көтермейтін болған соң жоспарын кейінге қалдырған.  width= Әйтсе де ол 2006 жылдан бері талай саяхат жасаған. Келіншегі екеуі велосипедпен бүкіл Исландияны шарлап шыққан. Непал таулы өзенін қайықпен жүріп өткен. Былтыр қазан айында I Run Kazakhstan жобасына қатысып, еліміздің бүкіл аймағын жүгіріп өтті. «Өткен жылы наурыз айында норвегиялық саяхатшы Балқашты шаңғымен 23 күнде қиып өтті. Бұл маған шабыт берді. Осылайша Балқашты велосипедпен шығыстан батысқа қарай мұз үстінде жүріп өтсем деген арманымды іске асыруға кірісіп отырмын» дейді Александр. Габченко бұл сапарына осы қыс басталғалы дайындалды. Мұзда жүруге жаттығу жасап, бағытты жоспарлады, өзін физикалық тұрғыда дайындап, қажет болады-ау деген барлық заттарды әзірледі. Дайындық барысында аптасына бір рет тауға барып, шатырда түнеді. Осылайша, өзін көл үстінде түнеуге дайындады. Ол саяхатқа арнайы жарақтандырылған қазақстандық Vino Bike маркалы велосипедпен шықты. Велосипедтің дөңгелегі өте жалпақ – 12 сантиметр. Велосаяхатшының айтуынша, бұл сапардағы басты қиындық – жел мен қар болмақ. Табиғаттың бұл құбылыстары велосипедпен жүруге қиындық тудырады. Ол биыл қыс жылы болғанымен, Балқашта мұз қалың екеніне сенімді. Әдетте ақпан айының соңында көлде мұздың қалыңдығы 70 сантиметрге дейін жетеді екен, биыл бар болғаны 40 сантиметр шамасында. Велосипедтің салмағы 14 келіге жуық, саяхатшының өзі 75 келі, ал жүгі – 25 келі. Александр Габченко осы саяхаты арқылы ішкі туризмді насихаттамақ. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ