«Жемқорлық індет – жою міндет». Бұл ұранды «айта-айта, Жамал апай қартайғаны» даусыз. Бір басын кессең, екінші басы қылтиып шыға келетін бұл «дерттен» әйтеуір айығатын дауа болмай тұр. Ал Жамбыл облысы жемқорлықтан алдына жан салмай келеді.
Біз бұны ойдан шығарып немесе көктен алып отырғанымыз жоқ. Аталған саланың жілігін шағып, майын ішіп отырған мамандардың өздері айтуда.
«ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының директоры,
«АнтиКор» облыстық ақпараттық, ағарту-насихаттау штабының жетекшісі Қасымхан Төлендиевтің сөзіне сүйенсек, өткен жылы облыста жемқорлық сипатындағы барлығы 92 қылмыс тіркелген.
– 2018 жылы жемқорлық фактісі бойынша 84 қылмыс тіркелсе, былтыр бұл көрсеткіштің артқаны байқалады. Қылмыстық істердің сотқа жолдану көрсеткіші бойынша да облыс республикада көш бастап тұр. Есептік кезеңде сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 90 тұлға қылмыстық жауапқа тартылған. Сый бергенге сыйластықпен қарап, «бармақ басты көз қыстыға» бару әрекеті атқарушы органдардың лауазымды қызметкерлері арасында да жиі көрініс табуда. Мәселен 2018 жылы дәл осы санаттағы мемлекеттік қызметшілерге қатысты 41 қылмыстық іс қозғалса, өткен жылы бұл факті 56 іске дейін өскен. Сол секілді тәртіп сақшылары да сыбайлас жемқорлыққа жиі жол беретіндердің қатарында. 2018 жылы жемқорлыққа жол берген ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты 16 іс қаралса, өткен жылы 29 факт тіркелген, – дейді Қ.Төлендиев.
Бұл жемқорлықпен күрес жұмыстарының жемісі екені анық. Себебі жыл өткен сайын «шабақтар» ғана емес, «шортандар» да қармаққа ілігіп жатыр. Одан бөлек тиісті заңнама сай сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған азаматтардың да саны артқан. Атап айтсақ, былтырдың өзінде 25 адам адалдық танытып, жемқорлық фактісі туралы хабарлама берген. Оларға 3 миллион 700 мың теңге көлемінде сыйақы төленген.
Әрине, мәселе сыйақыда емес, сыбайластыққа жол бермеуде.
Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы