Шекара қызметі Серік Күдебаевтың Қазақстаннан қашып кеткенін 27 наурызда білген – Алдажұманов

Шекара қызметі Серік Күдебаевтың Қазақстаннан қашып кеткенін 27 наурызда білген – Алдажұманов

Бас прокуратура генерал Серік Күдебаевтың шетелге қашып кетуіне байланысты қылмыстық іс қозғады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов айтуынша, Серік Күдебаев мемлекеттік шекараны ресми өткізу пункттері арқылы кесіп өтпеген. «ҚазАқпараттың» жазуынша, Шекара қызметі Серік Күдебаевтың елден қашып кеткенін 27 наурызда білген.

«Серік Күдебаев мемлекеттік шекараны ресми өткізу пунктері арқылы кесіп өткен жоқ. «Күдікті мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп, Қырғыз еліне өтті. Сол жақтан үшінші елге кетіп қалды» деген ақпараттың түсуіне байланысты шекарашылар мемлекеттік шекараны заңсыз кесуі мүмкін жерді анықтау үшін қызметтік тексеру жүргізіп жатыр. Бұл жұмысқа көрші ел де қосылды. Қырғыз Республикасының шекара қызметіне ресми сауал жіберілді. Меніңше, қазіргі уақытта бір нәрсе айтуға ерте. Жүргізіліп жатқан тексерудің аяқталуын күту қажет», – деді Ерлан Алдажұманов.
Бұған дейін Серік Күдебаевтың қай елде екені туралы жазған болатынбыз.