Болат Назарбаевтың ұлы әкесінің үстінен сотқа арызданды

Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев әкесінің үстінен сотқа арызданған. Бұл туралы Nege.kz порталы NewsRoom99 Telegram каналына сілтеме жасай отырып хабарлады.

Дереккөздің хабарлауынша, Нұрбол Назарбаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевты, яғни әкесі мен оның бұрынғы әйелі Гүлнұр Дүйсебаеваны сотқа берді. Ол әкесі Болат Назарбаевтың Гүлнұрмен некесін жарамсыз деп тануын сұрап отыр. Айтуынша, Гүлнұр жұрт алдында қадірін кетіріп, оның ар-намысын түсірген. Бұл жайында Нұрбол Назарбаев бүгін Алматы облысының Қарасай ауданында өтетін сот отырысында көтеретінін сөз етті.

Нұрбол Болат Назарбаевтың бірінші әйелінен туған ұлы. Ол құқық қорғау органдарында ұзақ жылдар қызмет атқарып, полиция полковнигі шеніне дейін көтерілген. Ал соңғы жылдары жеке кәсіппен айналысып кеткен. Тіпті, 2022 жылы Forbes журналы Нұрбол Назарбаевты қазақстандық ең бай 50 бизнесменнің қатарына қосқан болатын.

Осыдан бір ай бұрын Болат Назарбаев  та бұрынғы әйелі Гүлнұр Дүйсебаеваны сотқа берген. Ол да соттан екеуінің некесін заңсыз деп тануды талап етті. Ал Дүйсебаева қарсы талап қойып, бірлесіп сатып алған екі автокөліктен пайда, сондай-ақ моральдық шығын мен балаларына алимент өндіру үшін 10 миллион теңге төлетуді соттан сұрап отыр.

Сот оның талабын ішінара қанағаттандырып, Болат Назарбаевтың табысының ¼ бөлігін балаларына төлеуге міндеттеді. Ал олардың некесі заңды деп табылды. Тіпті, сол кезде Болат Назарбаев бір мезгілде үш әйелге үйленсе де, оларға жауапты.

Естеріңізде болса, бүгінде Болат Назарбаев түрлі айыптаулар мен сот ісіне белшесінен батты. Жиған-терген дүниесінен де шетінен айырылып жатқаны сөз болуда. Мысалы, жақында ғана Алматы облысындағы "Барыс" автокөлік базарынан айырылды. Істі қозғаған прокурорлар базардың орналасқан орны, яғни жері әу басынан ауыл шаруашылыққа арналғанын айтып, мемлекетке қайтаруды талап етті.  Ал бұған дейін Жоғарғы сот Назарбаевқа Алматыдағы машина жасау зауытының акциясын мемлекетке қайтаруды міндеттеген. Сонымен қатар  Болат Назарбаевтың үлесі бар түрлі компанияларға тиесілі 300 мың гектардан астам жер мемлекеттік теңгерімге қайтарылған.