Шаһар басшысымен кездесуде тұрғындарды қоғамдық көлік, сумен жабдықтау, электр энергиясы, тозығы жеткен ескі үйлер мен тұрғын үй кешендеріндегі жеделсатылардың жағдайы туралы сұрады. Сондай-ақ Интернациональный, Күйгенжар, Мичурино елді мекендерінің тұрғындарын инженерлік желілер, әлеуметтік нысандар, жолдар салу, жарықтандыру жүргізу ісі және тағы да басқа негізгі мәселелер толғандырады екен.
«Біз тұрған жерде 2011 жылдан бастап трассаның барлығын өткізіп, автобус жүргізіп қойды. Басты көшеге кәріз желісін әкеліп берді. Басқа жұмыстар жақсы жүріп жатыр. Бірақ Көксайдағы біздің көшеде кәріз жоқ», – дейді қала тұрғыны.
Әкімдіктің мәліметінше, 2011-2012 жылдары Көксай, Мереке, Нұрлыжол көшелеріне кәріз салынған. Алайда магистральды желілер жоқ болғандықтан қалаға қосылмаған. Биыл Мереке көшесінің бас жағына кәріз салынып, сол арқылы Көксай көшесі де желіге қосылады.
«Биыл сүзгілі сору стансасы іске қосылады. Алдымен шілде айында, толығымен тамызда беріледі. Сондықтан бұл мәселелер толығымен қала бойынша шешіледі. Сіздер де сол стансаға қосылатын боласыз», – деді Жеңіс Қасымбек.
Қоғамдық көлік мәселесі туралы айтқан тағы бір қала тұрғыны «Автобустардың аздығынан үйге кешкі сағат онда шаршап-шалдығып әрең жетеміз» деп отыр.
Қала әкімінің айтуынша, биыл автобус тапшылығын азайту үшін қалаға 400-500 қоғамдық көлік алынбақ. Қоғамдық көлік паркі жаңа автобустармен шілде айынан бастап толыға бастайды.
Сондай-ақ тұрғындар 90 жылдан бері тұрған ескі үйлерді сүріп, орнына халық қажеттілігіне арналған орындарды салу, тұрғын үй кезегі, жеделсатылардың жай-күйі мен халық серуендейтін орындардағы орындықтарды көбейту туралы ұсыныс-сауалдарын жеткізді. Тұрғындардың талабын тыңдаған қала әкімі тұрғын үй кезегінде қазір 50 мың отбасы тұрғанын тілге тиек етті. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі, толық емес, көпбалалы отбасылар мен жетім балалардың өз кезегі бар. Олардың барлығына өз тобына қарай жыл сайын пәтер кілті табыс етілуде. Биыл да баспана кезегінде тұрған 6 мың отбасы өз пәтеріне қол жеткізуі мүмкін.
«Расында, үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Кемшіліктер де жоқ емес. Сол кемшіліктер бойынша нақты шешімдерді қабылдап, халықпен бірге жұмыс істейтін боламыз. Алға қойылған міндеттер мен жаңа берілген уәделер бойынша жыл соңына дейін 2-3 рет келіп, өздеріңізге нақты есепті беремін», – деген шаһар басшысы жазда қосымша ауызсу стансасын іске қосу жоспарланып отырғанын айтты. Бұл өз кезегінде бүкіл қала бойынша су мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
«Сондай-ақ қалаға жылумен, электрмен жабдықтауда қосымша күш беретін тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері нысандарының бірқатарының құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар салынып жатқан 14 мектептің 11-і биыл қолданысқа берілсе, 6 мыңға жуық әлеуметтік пәтер тапсыруды мақсат етіп отырмыз. Сондай-ақ қалаға 400-500 автобус жеткіземіз, екі жыл ішінде инвесторлар есебінен 40-қа жуық балабақша салынады. Кездесуде тұрғындар көтерген мәселелер шешіледі. Біз оларды кезең-кезеңімен іске асырамыз», – деді қала әкімі.
Ж.АСҚАРБЕК