Солтүстік Қазақстан облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 14 «Ақпараттық қолдау» орталықтары ашылды. Онда ауыл тұрғындары мал шаруашылығын дамыту, бау-бақша өсіру және шағын бизнес нысандарын ашу арқылы табысты арттыру бойынша кеңес алады. Осы мақсатта мемлекет азаматтарға жылдық мөлшерлесі 2,5%-ды құрайтын жеңілдетілген несие ұсынады.
Ашық есік күндері «AMANAT» партиясының өңірлік және аумақтық филиалдарында кеңес беріледі. Мемлекеттік органдардың, «Атамекен» палатасының өкілдері мен бизнес-тренерлер өз ісін дамытудың жолын түсіндіреді.
Бизнес-тренер Дмитрий Шледевиц кәсіптің ауқымын кеңейту үшін ауыл тұрғындарына кооператив құрып, техниканы лизингке рәсімдеуге мүмкіндік берілетінін атап өтті. Сарапшының айтуынша, бұл қадам мал басын көбейтуге, өнімді сатуға және пропорционалды пайда табуға мүмкіндік береді.
«Кооператив техниканы 2,5% жеңілдікпен лизингке ала алады. Сондай-ақ дәл осындай пайызбен мал, құс, жылыжай, көкөніс қоймасын сатып алуға несие беріледі. Қарыздың ең жоғары сомасы – 8,6 млн теңге. Мал шаруашылығы саласында тұрғындарға 7 жылға дейін несие ұсынылады. Қызметтің басқа бағыты үшін – 5 жыл. Жобаның ең ұтымды тұсы – пайыздың аз мөлшерлемесі. Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар қарызды жалпы несиелендіру мерзімінің 1/3 кезеңінен кейін төлей бастайды», – деді ол.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» – «AMANAT» партиясы мен Үкіметтің бірлескен жобасы. Оның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын, әл-ауқатын және өмір сүру сапасын арттыруға көмектесу. Мәселен, былтыр ауқымды 40 күндік ақпараттық марафон өтті. «AMANAT»-тың тренерлері мобильді топтар құрамында 28 шілде мен 10 қыркүйек аралығында еліміздегі 179 ауданның 425 ауылы мен ауылдық округінде 250 мың азаматты қамти отырып, кездесу өткізді.