Қызылордада қураған шөп өртеніп жатыр

Аптап ыстық пен соққан жел өртті сөндіруде белгілі бір қиындықтан туғызғаны айтылады

Қызылордада Президент саябағына қарама-қарсы орналасқан Шіркейлі каналының шетіндегі қураған шөп өртенген. Аптап ыстық пен соққан жел өртті сөндіруде белгілі бір қиындықтан туғызғаны айтылады.

Бұл туралы 12 маусымда сағат 14-ден 52 минут өткенде Қызылорда облысы ТЖД-ның "112" пультіне хабарлама келіп түскен.

Өрт орнына өрт сөндірушілер дереу жолға шықты. Өрт сөндірушілердің барлау жұмыстары нәтижесінде оқиға орнында шамамен 6 гектар жер өртеніп жатқандығы анықталды.

"Өртті сөндіру барысы қатты желдің соғуына және қолайсыз ауа райына байланысты күрделенді. Шұғыл қызметтің жедел әрекеттерінің арқасында өрт сағат 17-ден 25 минут өткенде оқшауланып, сағат 18-ден 10 минут кеткенде толығымен сөндірілді. Қызылорда облысының Өрт сөндіру қызметінің, Апаттар медициналық орталығының, Жергілікті полиция қызметі басқармасының, "ҚазТрансГазАймақтың", жергілікті атқарушы органның барлығы 76 қызметкері 17 техникасымен жұмылдырылды",- деп хабарлады Қызылорда облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.