Қаңтар оқиғасы кезінде адамдарға оқ атқан әскери қызметкер 7 жылға сотталды

Үкім заңды күшіне енген жоқ

Алматы гарнизонының әскери соты қаңтар оқиғасы бойынша үкім шығарды.

Алматы гарнизонының әскери сотында қару қолданып, билікті асыра пайдаланғаны үшін сотқа берілген әскери қызметші Е.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1-тармағы).

«2022 жылғы 8 қаңтарда Талдықорған қаласында сотталушы Е. «АҚС-74» қаруын қолданумен «Тойота Королла» автокөлігіне бірнеше рет оқ атып, тоқтау талабына қарамастан қозғалысын жалғастырған. Нәтижесінде екі адамның денсаулығына ауыр зиян келтіріліп, олардың өліміне әкеп соқтырған. Сотталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелер, яғни жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сот-баллистикалық, сот-медициналық сараптамалардың қорытындылары және заттай дәлелдемелермен дәлелденді», - делінген Алматы гарнизонының әскери сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Прокурор сотталушы Е-ға түпкілікті 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындамады. Сот шешімімен Е.-тың жасаған әрекеті ауыр қылмыстар санатына жатады және оны жасағаны үшін 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

«Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сотталушы Е-ға 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушінің пайдасына 7 млн теңге көлемінде моральдық зиян өндірілді», - деп толықтырды баспасөз қызметінен.