Бұдан былай пара алуға келісім бергендер де қылмыстық жауапқа тартылмақ

Ашық НҚА порталында жарияланған Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осындай бастама көтерген, – деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адамның не оған теңестiрiлген адамның немесе жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның не лауазымды адамның, сол сияқты шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның лауазымды адамының пара ұсынған немесе уәде еткен адамның немесе ол өкілдік ететін адамдардың пайдасына жасаған әрекеттері үшін пара алуға келісім беруі – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 1 000 АЕК-ке (3 450 000 теңгеге) дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 1 жылға дейін бас бостандығын шектеумен жазаланады", – делінген хабарламада.

Егер сыйлықтың құны 2 АЕК-тен (6 900 теңгеден) аспаса, адамның өзінің міндетіне кіретін жұмыстарды бұрын орындағаны немесе қызмет көрсеткені үшiн алдын ала уағдаластық болмаған кезде сыйлық ретінде бірінші рет материалдық сыйақы, жеңілдік немесе мүлiктiк сипаттағы қызметті, мүлікке құқықты алуға келісім беруі маңызы аз болуына байланысты қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.

"Бірақ ол тәртiптiк немесе әкімшілік жауапкершілікпен қудаланады. Пара алуға келісім берген адам, егер ол құқық қорғау органына немесе арнаулы мемлекеттік органға пара алуға келісім бергені туралы аталған органдарға осы факт туралы белгілі болғанға дейін өз еркімен хабарласа, қылмыстық жауаптылықтан босатылатын болады", – деп көрсетілген кодекстің өзгеріс енгізілгелі отырған нұсқасында.

Құжат 17 шілдеге дейін көпшілік талқылауда болады.