Сенатор Жанболат Жөргенбаев Қарасай ауданындағы «Үшқоңырирригация» мемлекеттік су шаруашылығы коммуналдық кәсіпорнында сала мамандарымен және фермер шаруашылығының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында су пайдаланушылардың жағдайымен танысып, сала сарапшыларының пікірін тыңдады. Мамандар аудандағы аграрлық саланың негізгі проблемалық мәселелерін, оның ішінде суару желілерінің тозуы мен істен шығуына қатысты тақырыптарды көтерді.
Сенат депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласындағы жүрек ауруларын емдейтін орталықта болды. Бұл ұйым – елдің оңтүстік аймағындағы жетекші клиника және 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Медициналық мекеме өкілдері сенаторларға клиниканың қызметі туралы хабардар етті және отандық медицинаның қазіргі деңгейі бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, ұйқы безін трансплантациялауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Әлішер Сатыпалдиев өңірге сапар барысында Түркістан облысының Төлеби ауданында болды. Сенаторлар аудан активімен кездесіп, бірқатар әлеуметтік маңызды нысандарды аралады. Олар жұртшылықты Парламентте қабылданған заңдар туралы хабардар етіп, құқықтық актілердің халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Депутаттар аудандардың жай-күйімен, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен, өңірлердің проблемаларымен және халықтың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында облыс аумағында кездесулер өткізіп жатқанын жеткізді. Жергілікті тұрғындар өз кезегінде инфрақұрылым, білім беру және денсаулық сақтау салаларына қатысты бірқатар мәселені көтерді. Депутаттар көтерілген мәселелердің маңызына тоқтала келіп, олардың кезең-кезеңімен шешілуіне ықпал ететінін айтты.
Парламент Сенатының депутаты Андрей Лукин елорда аудандарының тұрғындары және әкімдіктердің өкілдерімен кездесті. Әкімдік өкілдері кездесуде 2023 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтып берді. Депутат бюджеттік бағдарламаларды іске асырудағы 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша есептерді, сондай-ақ 2023-2025 жылдарға жоспарланған шығыстар туралы ақпаратты да тыңдады. Депутатпен және әкімдік өкілдерімен пікірлесуге ынталы қала аудандардың тұрғындары да кездесуге қатысты. Азаматтарды қызықтырған мәселелердің қатарында тұрғын үй саясаты, атап айтқанда, көппәтерлі тұрғын үйлер құрылысының тығыздығы және тұрғын үй кешендеріндегі су қысымның азаюы мен судың мүлдем болмауы туралы болды. Сенатор өз кезегінде парламентшілер қозғалған барлық мәселені назарда ұстайтынын айта келіп, Сенаттың өткен сессиядағы жұмысының қорытындылары туралы хабардар етті.