Coursera рейтингінде 31-орындамыз

Coursera онлайн білім беру алаңы Global Skills Report 2023 атты жаңа есебін жариялады. Онда платформада орналастырылған курстарға сұраныс және оларды тыңдаушылардың сәтті өтуі зерттелген.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәліметінше, Қазақстан жалпы әлемдік есепте 31-орынды иеленген. Баяндамада Қазақстанда білім алушылар технологиялық дағдылар бойынша жетістікке жетіп жатқаны, олардың көрсеткіші Technology санаты бойынша 96 пайызды құрайтыны атап өтілген.

«Рейтинг құраушылар мынадай білім санаттарын қарастырып отыр:

Business – менеджмент, коммуникация, қаржы және бухгалтерлік есеп сияқты бизнесті басқаруға қатысты дағдылар;

Technology – ІТ-жүйелер мен бағдарламалық жасақтаманы құру, қолдау және масштабтау үшін қажетті дағдылар;

Data Science – шешімдер қабылдау үшін немесе әзірленіп жатқан өнімдер мен қызметтерде компаниялар жасаған білімді жинау және пайдалану дағдылары.

2023 жылы зерттеу базасын әлемнің 100 елінен 124 млн студент құрады», – деп жазды министр.

Бұл рейтингтегі позицияны арттыруға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 25 отандық жоғары оқу орнының білім беру бағдарламаларына 600-ден астам курсты енгізу арқылы цифрлық экономика үшін 20 000 студент пен оқытушыны даярлау жөніндегі бастамасы ықпал етуде.