Қарағандыда жолаушылары бар автобус қатты желден аударылып қалды

21 шілдеде "Алматы-Екатеринбург" тасжолында жолаушылар автобусы аударылып қалды, – деп жазды Nur.kz сайты.

Әлеуметтік желіде оқиға орнынан кадрлар тарады. Қарағанды облысының аумағында болған жол көлік оқиғасының видеосы Instagram желісіндегі dorogi_karagandy тобында жарияланды.

Кадрдан тасжолда "қырынан" жатқан автобусты және көптеген адамды аңғару қиын емес.

Бұған қатысты Қарағанды облысының Полиция департаменті пікір білдіріп, оқиғаның 21 шілде күні кешкі сағат 17:30 кезінде Осакаров кентінен 10 шақырым жерде болғанын жеткізді. 33 жастағы Yutong жүргізушісі қатты жел соғып тұрғанда рөлге ие бола алмай қалып, соның салдарынан автобус аударылған. Белгілі болғандай, автобус салонында 20 жолаушы отырған.

"Жол апаты салдарынан 65 жастағы ер адам дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді", – делінген хабарламада. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары сараптама тағайындағанын хабарлады.