Алматы облысында сауда орталығының бірінде 4 жасар қызды шетел азаматы теуіп құлатқан

Әлеуметтік желіде сол сәттің бейнежазбасы тарады.

Қарасай ауданындағы Aport Mall сауда үйінде жүрген түрік азаматы жол бермеген төрт жасар қызды теуіп жіберген. 

Алматы облысы ПД басшысы Бауыржан Аленов Фейсбуктегі парақшасында жұрттың наразылығын тудырған оқиғаға қатысты толық мәлімет берді.

«23 шілдеде Қарасай ауданының Полиция бөліміне 1996 жылғы К. есімді азаматша сауда, ойын-сауық орталығында  2019 жылы туған қызына дене жарақатын келтірген белгісіз адамға қатысты шара қабылдау туралы арызданды.

Дерек ҚР ҚК 293-бабының 1-бөлігі (Бұзақылық) бойынша аудандық полицияда тіркелді.

Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары 1998 жылғы Түркия Республикасының азаматын анықтап, полицияға жеткізді. Күдікті жауап алу барысында оқиғаны баяндап, өз кінәсін толық мойындады», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта ұсталған адам заңнамада белгіленген тәртіппен УҰИ-ға қамаққа алынды. Сараптама тағайындалып, барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сай, өзге ақпарат жарияланбайды.