Алматы қаласында ауа райына байланысты ескерту жарияланды

Алматы қалалық ТЖД ескерту жариялады.

«Қазгидромет» синоптиктері Алматыда алдағы күндері күннің қатты ысуы мен жаңбыр, найзағай және дауылды жел болатынын айтып, ескерту жариялады.

Алматы қалалық ТЖД «Қазгидрометтің» 26 шілдедегі дауылды ескертуі негізінде Алматыда 27 шілде күні ауа райы 37-39 градусқа жетіп, 28 шілдеде қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ күтілетінін хабарлайды. Осы ретте ТЖД ескерту жариялады.

«Батыс жақтан соғатын қатты жел екпіні секундына 18-23 метрге жетеді. Қатты жел кезінде автокөлікті ағаштардың, электр желілері мен басқа да әлсіз бекітілген құрылымдардың астында қалдырмауды сұраймыз. Тауға демалуға барғанда ашық от жақпауды, тұтанған темекі қалдықтарын тастамауды сұраймыз. Бір желіге бірнеше электр құрылғысын қоспаңыз. Себебі электр желісінің шамадан тыс жүктелуі қысқа тұйықталуға және өртке әкелуі мүмкін.

Балаларды автокөліктердің ішіне аз уақытқа болса да қалдырмаңыз. Қала тұрғындары мен қонақтарын күн сәулесiнiң әсерiнен сақтану үшiн серуенге шықпауға шақырамыз», – деп ескертті Алматы қалалық ТЖД.