"Терезеден секірмей, 20 секунд күткенде аман қалар еді": ТЖД қыз өліміне қатысты пікір білдірді

Өрт сөндірушілер үйге кірген сәтте оның анасын көріп, оны эвакуациялады, сөйтіп құтқарып қалды.

«Ақкент» тұрғын үй кешеніндегі алапат өрт кезінде қаза тапқан Әсел Бекмұхаметова терезеден секірмей, шамамен 20 секунд күткен жағдайда мүмкін аман қалар еді. Алматы қалалық ТЖД бастығының міндетін атқарушы, полковник Ерлан Әлібеков осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Оның терезеден секіргені белгілі болды. Алайда біздің бөлімшелер ол кезде 5-қабатқа жеткен болатын. Егер ол шамамен 20 секунд күткенде біздің өрт сөндірушілер есікті өздері ашып, оны аман алып қалар еді. Өрт сөндірушілер үйге кірген сәтте оның анасын көріп, оны эвакуациялады, сөйтіп құтқарып қалды. Ал Әсел ол кезде секіріп кеткен еді»,  деді Ерлан Әлібеков.

Еске салайық, біз бұған дейін Алматыда 16 қабатты үйде өрт тұтанғанын хабарлаған болатынбыз.

Қызыл жалын сағат 18.46 кезінде оқшауланып, сөндірілді. 31 адам, оның ішінде 16 бала ауруханаға жеткізілген.

Амалы қалмаған тұрғындар балаларын терезеден лақтырды. Зардап шеккендердің ішінде 2 жүкті әйел бар.

Кейін Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы бір адамның қаза тапқанын хабарлады.

Өрттен зардап шеккен тұрғындар тамақ және жатын орынмен қамтамасыз етілді.

Әсел Бекмұхаметованың отбасына қажетті көмек көрсетіледі. Марқұмды жерлеу рәсімі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қаражота ауылында өтеді.

Алматы облысының әкімдігі жерлеу рәсімін ұйымдастыруға, марқұмның денесін тасымалдауға жәрдем береді.