Көне дәуір пирамидасы табылды

Л. Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің археолог-ғалымдары Еуразия даласында кездеспейтін ірі көлемдегі қола дәуірінің дала пирамидасын тапты. Қазба жұмыстары Абай облысында жүргізіліп жатыр.

2014 жылдан бастап ЕҰУ Тарих факультеті археология және этно­логия кафедрасының ғалымдары Абай облысы Абай ауданы Тоқтамыс елді мекенінің жанындағы Қырықүң­гір кешенді ескерткішінде археоло­гия­лық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.

Оған университет студенттері мен магистранттары атсалысқан. Жүр­гізілген зерттеу жұмыстарының нә­ти­жесінде Еуразия даласында кездес­пейтін ірі көлемдегі біздің дәуірімізге дейінгі екінші мыңжылдықтың басы, яғни осыдан төрт мың жыл бұрынғы қола дәуірінің дала пирамидасы табылды.

«Дала пирамидасы өте дәлдікпен салынған, алты қырлы. Әрбір қыры­ның арасы он үш метр және сегіз қатар таспен қаланған. Ортасында бірнеше шеңбері бар. Бұл – өте күр­делі кешенді құрылыс. Сол кешендегі құрылыстың сыртындағы қабырғала­рында әртүрлі жануардың, әсіресе жыл­қының сурет­тері басым бейне­лен­ген. Сонымен бірге түйенің де бейнелері бар. Қаз­ба­дан табылған мә­ліметтер, қыш ыдыс­тар, әйел адам­ның алтын сырғасы және тағы бас­қа әшекей бұйымдар осы қола дәуі­рінің үлкен көне дәуірде мәде­ниеті, ошағы болғанын көрсетеді. Бұл, яғни сол кезеңнің өзінде жылқы культінің өте жоғары болғанын сол тас құры­лыс­тың айналасындағы жылқы сүйек­­терінің табылуы дәлел­деп отыр», – дейді тарихшы ғалым, ЕҰУ археология және этнология ка­федрасының меңгерушісі Ұлан Үмітқалиев.