Бет-аузын, екі аяғын қатты жарақаттаған: Жамбыл облысында 7 жасар баланы ит талап тастады

Талас ауданындағы Қаратау қаласында 7 жасар ұл баланы ит талап, бет-аузын, екі аяғын қатты жарақаттаған.

Ауруханаға бала ессіз күйде жеткізілген. Ит оның оң жақ бетін талап тастаған. Салдарынан бүлдіршін көп қан жоғалтқан. Дәрігерлер оған шұғыл түрде операция жасады.

Сонымен қатар науқасқа құтыруға қарсы вакцина егіліп, антибиотикалық ем де жасалған.

"Қазіргі таңда науқас жансақтау бөлімінен хирургия бөліміне ауыстырылды. Жағдайы жақсарып келеді. Хирургия бөлімінде әрі қарай тиісті ем-домын қабылдауда. Баламен аудандық аурухананың психолог мамандары жұмыс істеп жатыр", - делінген облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.