Қызылордада туған күнінде күйеуінің қолынан қаза тапқан әйел: полиция қызметкеріне үкім шықты

Қызылорданың №2 соты күйеуінің қолынан қаза болған Ажар Шәдиеваның өліміне байланысты полиция қызметкері Ерсұлтан Қуанышбайды "Қызметтегі әрекетсіздік" бабымен кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырды.

Бұл қылмыстық іс Қызылорданың №2 сотында қаралды. Сотталушы Қ. Қылмыстық кодекстің 370-бабы  4-бөлігінің 1)-тармағында құқық қорғау органының қызметкері бола тұра, басқа адамдар үшін пайда мен артықшылықтар алу және басқа адамдарға зиян келтіру мақсатында өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындамай, соның салдарынан адамның құқықтары мен заңды мүдделерін ауыр зардаптарға алып келіп, қызметтегі әрекетсіздік жағдайы бойынша жазаға тартылды.

Туған күн кешін тойлау кезінде кафе алдында Ш., О. және С. арасында айқай-шу болған. Түнгі мезгілде тұрғындарға кедергі келтіріп, қоғамдық тыныштықты бұзған.

"Оқиға орнына кезекшілікте жүрген Қ. түнгі мезгілде қоғамдық тыныштықты бұзған азаматтарды әкімшілік жауаптылыққа тартпаған. Оның орнына, өзіне жүктелген қызметтік міндеттемелерді орындамай, әрекетсіздік танытқан. Құқықбұзушылықтың алдын алу, болдырмау, анықтау, жауапқа тарту шараларын атқармаған. Қызметтік әрекетсіздіктің салдары Ш.А.-ның өліміне алып келген. Сотталушы Қ.-ның кінәсі, жәбірленуші және куәлердің жауаптарымен, беттестіру хаттамаларымен, ЖБО-нан алынған бейнежазбамен және сот-медициналық сараптама қорытындысымен, ЖТӘ-3 нәтижесімен, ұялы телефон детализациясымен және басқа да істегі жинақталған құжаттармен толық дәлелденді",  деп жазды Қызылорда облыстық соты.

Мемлекеттік айыптаушы соттан сотталушы Қ.-ны 6 жылға бас бостандығынан айыруды, жәбірленушінің өкілі және қорғаушысы 7 жылға бас бостандығынан айыруды, материалдық және моральдық шығын өндіруді сұрады.

Сотталушы және оның қорғаушысы ақтау жөнінде ұсыныс айтты.

"Қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар анықталмаған. Өзi берген кәсiби антын бұза отырып, қылмыстық құқықбұзушылық жасауын жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар деп тапты. Сотталушы Қ. кінәлі деп табылып, оған 5 (бес) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұдан бөлек, сотталушы Қ. мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқаруға өмір бойына айырылды. Азаматтық талапкердің талап-арызы ішінара қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енбеген", делінген соттың хабарламасында. 

Еске салайық, 2022 жылғы қыркүйекте Қызылордада 29 жастағы ер адам заңды некедегі 27 жастағы әйелін мас күйінде белгісіз себеппен ұрып-соққан. Салдарынан әйел алған жарақатынан қайтыс болды.​