Мәжіліс депутаты Түркістан жастарымен кездесті

Парламент Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев Түркістан қаласындағы «Жеңіс» саябағында жастармен кездесу өткізді.

Басқосуда депутат Парламент қабырғасында қабылданып жатқан заң жобаларының мән-маңызына тоқталып, жастарды ел игілігі жолында адал қызмет етуге шақырды.

– Қашан да адал еңбектің наны тәтті. Таза еңбекпен табысқа жеткен адамның күндіз күлкісі, түнде ұйқысы тыныш болады. Тынымсыз еңбек телегей табысқа жеткізеді.  Жастар жастық шақта білім алып, тіл үйреніп, жан-жақты жұмыс істеп үйренсе, жалқаулыққа жол бермейді. Мамандық таңдауда жаңылмау керек. Қиындықтарды сабырмен және табандылықпен жеңуге тырысқан жөн, – деді Қ.Балабиев.

Депутаттың айтуынша, бүгінде жастардың зор жетістіктерге жетуі үшін мүмкіндік мол. Әсіресе, мемлекет тарапынан жастарды қолдауға бағытталған бағдарламалар мен жобалар жетерлік. Қайрат Балабиев солардың бірсыпырасын түсіндіріп берді.

– Өңірлерде білімді, білікті, өжет жастарымыз көп. Олар облыстарда, аудандарда қалып қойып жатады. Біз сондай жастарды тартып, мемлекет деңгейінде қызмет атқаруға жол ашуымыз керек. Бұған «AMANAT» партиясы да атсалысып келеді. Жастарды қолдау – біздің басым бағытымыз, – деді Мәжіліс депутаты.