Аманаттықтар 1,6 мың баланы мектепке дайындады

«АМАNАТ» партиясының мүшелері «Баланы мектепке дайындайық!» жалпыұлттық қайырымдылық акциясы аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардағы балаларды 1 қыркүйекке дайындауға көмектесіп жатыр.

Бұл жолы акция Орал қаласында өтіп, онда партиялықтар 27 әлеуметтік жағдайы осал отбасындағы 50 балаға сөмкелер мен мектепке керек-жарақтарды сатып алуға сертификаттар табыс етті.

Көпбалалы ана Гүлжиян Губашева мұндай игі істің табысы төмен отбасылар үшін қажет екенін айтты.

 «Бір баланың өзін мектепке дайындау қымбатқа түседі. Бір балаға керек-жарақты алу үшін қазір 60 мыңнан 80 мың теңгеге дейін қаражат кетеді. Менің бес балам бар, оның үшеуі мектеп оқушылары, ал екеуі балабақшаға барады. Ұйымдастырушыларға рақмет айтамыз», – деді ол.

 

 Тағы бір көпбалалы ана Валентина Кажгалиева да партиялықтарға өз ризашылығын білдірді. 

 «Менің төрт балам бар, оларға айтарлықтай көп қаражат кетеді. Қазір барлығы өте қымбат. Көмек көрсеткендеріңіз үшін рақмет», – деді ол.

Мектепке қажет керек-жарақтарды сыйлыққа алған балалар үшін бұл күн нағыз мереке болды. Оларға арнап аниматорлар түрлі ойындар мен қойылымдар  қойды.

 «Облыс бойынша 1 600 балаға көмек көрсету жоспарымызда бар. Біз мүмкіндігінше көп балаға қамқорлық көрсеткіміз келеді. Партияның мұқтаж отбасыларға ерікті түрде көрсетіп жатқан қайырымдылық көмегі жыл сайын жалғасатынын болады», – деді партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалының консультанты Қайрат Жұмақаев.

 

«Баланы мектепке дайындайық!» акциясы «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында 13-рет өткізіліп, жақсы дәстүрге айналды. Акцияға партияның орталық аппараты мен өңірлік филиалдарының қызметкерлері, партиядан сайланған депутаттар, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері және қайырымды азаматтар қатысуда. Еліміз бойынша 45 мыңнан астам бала аманаттықтардан жаңа оқу жылына жинақ алады деп жоспарлануда. Бұл мектеп формасы, оқулықтар және кеңсе тауарлары бар рюкзактардан тұрады.

Өткен жылы аманаттықтар 23 мыңнан астам отбасынан шыққан 42 мың оқушыны  мектепке қажетті жинақпен қамтамасыз етті.

 

Айта кетейік, «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы шеңберінде алдағы бес жылда партия кемінде 1,2 млн жайлы оқушы орнын құруға, сондай-ақ үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін толығымен шешуге кепілдік береді. Қосымша 3 мың мектепке жөндеу жұмыстары  жүргізіліп, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі. 

Батыс Қазақстан облысында 2027 жылға дейін партияның сайлауалды бағдарламасы аясында 20 мыңнан астам оқушыға арналған 36 жаңа мектеп салынады. Сонымен қатар 210 заманауи мектеп робототехника, химия, биология, физика және STEAM кабинеттерімен қамтамасыз етіледі.