Ақмола облысында елікке соғылған көлік аударылып, бір адам қаза тапты

Қазіргі кезде, осы дерекке байланысты сотқа дейінгі іс қозғалып, сараптама тағайындалды

Ақмола облысының Шортанды ауданында елікке соғылған жеңіл көлік аударылып, бір адам көз жұмды, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, жол апаты тамыздың 23-де сағат 22:00 шамасында «Пригородное-Жолымбет» автожолының 37 шақырымында болған. Анықталғандай, Шортанды кентінен Бектау ауылына бағыт алған 29 жастағы тұрғынның басқаруындағы «Lada Priora» көлігі жолдың үстіне шауып шыққан елікпен соқтығысқан.

Салдарынан көлік аударылып, 27 жастағы жолаушы (көлік жүргізушісінің әйелі) алған дене жарақтынан көз жұмды. Сонымен бірге, көлікте 2 жасар қыз бала болған, ол зардап шеккен жоқ.

«Қазіргі кезде, осы дерекке байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі іс қозғалып, сараптама тағайындалды», - деді ведомстводан.