Жастарды қолдау – елдің болашағына жол ашады

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, PhD Тимур Әпендиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйек күнгі Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауына пікір білдіріп, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудің маңыздылығы жайында өте өзекті мәселелердің көтерілгенін сөз етті.

Осы тұрғыдан келгенде Жолдауды ерекше деп топшылауға болады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында жастар саясатына қатысты бірқатар маңызды мәселеге де тоқталып өтті. Солардың бірі жастарды дамыту мен оларды қолдауға арналған бағдарлама қажет екенін айта келе: «Елімізді инновациялық жолмен дамыту үшін Астанада және Алматыда қажетті экожүйе қалыптастыруға мән беріліп отыр. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Мен аймақтарға барғанда дарынды әрі ойы ұшқыр, яғни креативті азаматтармен үнемі кездесемін. Біз олардың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауымыз керек. Аймақтағы жоғары оқу орындарының негізінде біртұтас инновациялық экожүйе құру қажет. Оны нақты сектормен тығыз ынтымақтаса отырып жүзеге асырған жөн. Бұл жұмысты әрбір облыс орталығында жүргізу керек. Астана хабының тәжірибесін кеңінен пайдаланған жөн» деп топшылады. Біз білуіміз керек, еліміздің болашағы жастар екенін. Егер жастарымыз білімді, білікті болса, еліміз қарыштап дамиды, яғни экономикамыз көтеріледі деген сөз. Сол себепті, қазір  жаңа өмірге қадам басқан студенттер мен жас ғалымдарға жағдай жасауды одан әрі мемлекет тарапынан қолдап, әртүрлі бағдарламаларды іске асыруды талап етеді. Нақтырақ айтсақ, университеттерде жатаханалардың жетіспеуі, ҒЗИ-да жұмыс істейтін баспанасы жоқ жастарға (жас отбасыларға) Ғылым және жоғары білім министрлігінің тікелей араласуымен мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана мәселесін шешіп беру қажет. Сондай-ақ  ЖОО  бітірген жас мамандарға министрлік тарапынан жұмысқа орналастыру мәселесін шешіп берген оңды. ЖОО  бітірген студенттерден жұмысқа орналасты деген өтірік анықтама алдыртуды шектеу қажет. Өкінішке қарай, бұл үрдіс бізде белең алып тұр. Осындай олқылықтарды шешетін болсақ, елімізде жастар тұрақтайтын еді. Осы кезде бәрімізге белгілі білімді, ойы ұшқыр көптеген жас  шетел асып кетіп жатыр. Осының барлығы жастарға жағдай жасаудың салғырттығынан болып жатқан дүние. Тағы да бір айта кетерлік мәселе, бұл – мемлекеттік идеологияның нашар жұмыс істеуінде. Біз жастарды отансүйгіштікке, мемлекетке деген адалдыққа үйретуіміз қажет. Оның барлығы балабақшадан басталуға тиіс. Президент Жолдауда: «Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс. Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде» дегендей, біздің күшіміз білімде!, – дейді Тимур Әпендиев.