Жуырда отпен күресу үшін күн сайын өз өмірін қатерге тіккен барлық өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға арналған «Қаһарман» телехикаясы шығады. Телехикая 11 қыркүйектен бастап жұмыс күндері 19.20-да «Астана» телеарнасынан көрсетіледі.
Телехикая шынайы оқиғаларға негізделген. Сюжет өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің өмірін баяндайды. Әрбір эпизод басты кейіпкердің өміріндегі маңызды сәттерді сипаттайды. Мектеп кезінен бастап Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің КТИ-де оқу, алғашқы жұмыс, үйлену тойы, қыздарының дүниеге келуі және қайғылы өртке дейін баяндалады.
Басты кейіпкердің есімі Асқар, 29 жаста, №6 өрт сөндіру бекетінде өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Табиғатынан табанды, шыншыл, білікті, өр мінезді Асқар мектеп кезінен-ақ бойында батырлық, көшбасшылық, елінің халқына үнемі көмектесу сияқты қасиеттерді бойына сіңірді.
Телехикаяда өрт сөндірушілердің қиын жұмысы көрсетілген, өйткені төтенше жағдайға тап болған азаматтардың тағдыры тікелей өрт сөндірушілерге байланысты.
Еске салайық, 2022 жылдың 16 қарашасында Астанада 15 қабатты үйден өрт шықты. Бірнеше адамды құтқарған өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің денесін 80% күйік шалып, жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер оның өмірі үшін бірнеше күн күрессе де, өкінішке қарай, 20 қарашада ол астаналық ауруханада қайтыс болды.
Асқар Забикулин I дәрежелі «Айбын» орденімен және «Алтын адам» сыйлығымен марапатталды. Қаза тапқан батырдың құрметіне елорда көшелерінің біріне атау беріліп, мемориалдық тақта орнатылды.
Телехикая Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапысыры бойынша түсірілді.