Автобус қаққан жолаушы ес-түссіз жансақтау бөлімінде жатыр

Алматыда автобус қаққан екі адамның біреуі әлі есін жимады.

Екінші кісі оқиға орнында қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Almaty.tv-ның  дерегінше, кеше Абай даңғылында автобус қаққан келіншек №7 клиникалық ауруханаға жеткізілген. Жансақтау бөлімінде жатыр.

– Ауруханаға келгенде жағдайы өте ауыр болды. Ашық ми жарақатын алған, миына қан құйылып кеткен. Жамбас сүйегі сынған. Ес-түссіз жағдайда жеткізілді, дереу тексеріс өткізіп, ота жасадық. Ми жарақаты болған соң, миды ашып, құйылып кеткен қанды тазаладық, – деді №7 клиникалық аурухананың жансақтау бөлімшесінің меңгерушісі Есенай Еспенбетов.

Жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін екі жолаушы да жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқанда автобус қаққанын жазған  болатынбыз.

Фото: Алматы ПД-нен алынды