Жетісу облысында жалғызбасты әжейді тонаған ер адам ұсталды

Келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 200 мың теңгені құрады.

Текеліде полицейлер 83 жастағы жалғызбасты қарт әженің неке жүзігі мен зейнетақы жинақ ақшасын ұрлап кеткен 32 жастағы ер адамды ұстады.

13 қыркүйекте егде әйел мүлкі мен ақшасының ұрланғанын айтып, полицияға арызданды. Тәртіп сақшылары 24 сағаттың ішінде ұрлық жасаған күдіктіні анықтап, ұстады. Ол көршілес Алматы облысының тұрғыны болып шықты.

"Зардап шеккен қария жеке сектордағы үйде жалғыз тұрады. Оның неке жүзігі мен түрлі валютадағы ақшасы ұрланған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 200 мың теңгені құрады. Қазір ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деді Текелі қаласы ПБ бастығының орынбасары Нұрболат Шаму.