Мәжіліс депутаты Қазақстанда инклюзивті туризм саласын дамытудағы негізгі мәселелер жайлы айтты.
Инклюзивті туризмді дамыту үшін салықтық жеңілдіктер енгізу қажет – Е.Әбдиев
831
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізде туризмді дамытуға көңіл бөлу қажет екенін айтқан болатын. Шынымен де бұл салаға көңіл бөлу өте маңызды. Себебі ол мемлекетаралық байланыстар мен мәдениетті күшейтуге, шетел валютасының ағынын ұлғайтуға, төлем балансының өсуіне, тауарлар мен көрсетілетін қызметтер экспортын арттыруға, халықты жұмыспен қамтуға, инфрақұрылымдық объектілерді салу мен реконструкциялауға, сондай-ақ экономика салаларын жетілдіруге тікелей ықпал етеді.

«Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді.

Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды», – деді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, кейінгі 3 жылда салаға 4,4 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылып, 400-ден астам туробъект салынған. Бұл туралы Үкімет басшысы биыл Ақтауда өткен туризмді дамыту жөніндегі халықаралық форумда сөйлеген сөзінде айтты. Шетелдік инвестиция тартылып, біраз жұмыстар атқарылғанымен әлі күнге дейін елдегі туризм саласы біршама артта қалып келеді.

Осы орайда, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Әбдиев елдегі туризмді дамытуға кедергі болып отырған бірнеше негізгі мәселені атап өтті.

«Алдымен, туристерге қолайлылық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жолдарды, әуежайларды және қоғамдық көліктерді қоса алғанда, туризм инфрақұрылымын жақсарту қажет. Бұл бүгінде назарға алатын басты шарттардың бірі.

Екіншіден, елдің туризм саласына инвестиция құю үшін қолайлы жағдай жасау. Сол арқылы жаңа қонақүйлер, мейрамханалар мен ойын-сауық орындарының ашылуына ықпал ете аламыз.

Сонымен қатар әртүрлі елден туристерді тарту үшін тиімді маркетингтік науқандар ұйымдастыру және осы сияқты шараларды жасаймын деген жергілікті туристік агенттіктерді қолдау көрсету де өте маңызды. 

Біз өз тарапымыздан бай табиғи ресурстарымыз бен тарихи ескерткіштерді болашақ ұрпақ үшін сақтау мақсатында оларға ұқыптылықпен қарап, сол арқылы туристерді көптеп тартуымыз керек» - деді депутат. 

Мәжіліс депутаты Қазақстанда инклюзивті туризм саласын дамытуға да мән беру қажет екеніне тоқталды.

     

«Инклюзивті туризм бойынша біріншіден, қолжетімді орта құру қажет. Яғни, алдымен мүгедектігі бар адамдар үшін туристік сайттардың, соның ішінде бейімделген қонақүйлер мен көліктердің қолжетімділігін толық қамтамасыз ету маңызды. 

Екіншіден, осы сала бойынша білікті мамандарды дайындау мәселесін басты назарға алған жөн. Туризм саласында болсын жалпы басқа да саладағы қызмет көрсететін қызметкерлер туристерге, соның ішінде мүгедектігі бар адамдарға сапалы қызмет көрсете алатындай білім алуы қажет. 

Тағы бір маңызды мәселе – ол ақпараттық қамтамасыздандыру. Келушілердің барлық санаттары үшін туристік нысандар мен қызметтердің қолжетімділігі туралы ақпарат тиісті деңгейде (веб-ресурстарында) берілуі керек. 

Инклюзивті туризмді дамытуға бағытталған жобаларды қолдау, қаржыландыру және мүгедектік мәселелері бойынша жұмыс істейтін ұйымдармен тығыз серіктестік орнату да маңызды шаралардың бірі. 

Жалпы айтқанда, иинклюзивті туризмді дамытуда қолда бар барлық ресурсты үйлестіру үшін мемлекеттік органдар, туристік компаниялар, қоғамдық ұйымдар арасындағы тиімді байланысты қамтамасыз ету маңызды.

Мұның бәрі әрине, тиісті мемлекеттік қолдау болған жағдайда ғана тиісті деңгейде жүзеге асырылады. Сондықтан, саланы дамытуды ынталандыру мақсатында инклюзивті туризмді дамытқысы келетін кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер немесе гранттар енгізу қажет деп есептеймін», – деп атап өтті Ерлан Әбдиев.