Депутаттардың талқылауына Салық кодексіне енгізілетін түзетулер, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлем мен салық салу мәселелеріне қатысты заң жобаларын бірінші оқылымда қарау ұсынылады.
Бұл заң жобаларының негізгі нормалары екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық банк ноталарынан түсетін кірісін салықтан босату құқығын алып тастауға, балаларға Ұлттық қордың табысынан аударылатын нысаналы жинақтарды салықтан босатуға бағытталған. Сонымен қатар арнайы экономикалық және индустриалдық аймақтардың қатысушыларына жобаларының құнына қарай салықтық жеңілдіктерді берудің сараланған тәсілін енгізуді, жеке тұлғалардың берешегін микроқаржылық ұйымдар мен коллекторлық агенттіктер кешірген жағдайда қалыптасқан кірістерді салықтан босатуды көздейді. Сондай-ақ соттарда мемлекеттік баж төлеуді кейінге қалдыру тәртібін енгізу мен салықтық әкімшілендіруді жетілдіру ұсынылған.
Жалпы отырыста Мәжіліс комитеттері бірқатар ратификацияланатын заң жобасын жұмысқа алады. Олар: Қырғыз Республикасымен апаттық іздестіру, құтқару саласындағы ынтымақтастық және «Қарасу», «Ақ-Тілек» автожол өткізу пункттері ауданындағы индустриялық сауда-логистикалық кешеніне қатысты келісімдер. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа электронды нысанда салықтар алу тәртібін айқындау туралы хаттама мен трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы.