Атырауда тасжолда қиындыққа тап болған жүкті әйелдерді полицейлер перзентханаға аман жеткізді

Айы-күні толып отырған үш келіншек те аман-есен босанды.

Айы-күні толып отырған үш келіншек те аман-есен босанды. Осылайша, полицейлер екі қыз бала мен бір ер баланың өмірге аман келуіне себеп болған. Тосын оқиға Атырауда демалыс күндері болды. 

Ауа райының күрт өзгеріп, қыстың қытымыр аязы сезіле бастаған шақта тасжол бойында көлік істен шыққан. Перзентханаға бағыт алған жолаушыларға патрульдік полиция ротасының қызметкерлері көмекке келген.

Мәселен, полиция капитаны Асланбек Бейсембаев, Нұрлыбек Бақытжанов және полиция аға лейтенанты Тұрар Қибашқа Ақтөбе-Атырау-Астрахань тасжолының 597 шақырымы тұсында күнделікті ескерту жұмыстарын жүргізу кезінде Honda автокөлігінің жүргізушісі келіп, келіншегін шұғыл түрде облыстық перзентханаға жеткізуге көмек сұраған. Полиция қызметкерлері уақыт өткізбей жүкті әйелді облыстық перзентханаға аман-есен жеткізген. 

Айта кетейік дәл осындай оқиға демалыс күндері Атырау-Орал тасжолы бойында орын алған. Патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторлары Алмас Бейсенғалиев және полиция аға лейтенанты Жангелді Оспанов қызмет атқару кезінде Алмалы бекетіне мейірбике келіп, жедел жәрдем көлігінің бұзылғанын айтып облыстық перзентханаға шұғыл жеткізуге көмек сұраған. Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жедел әрекет етіп, қызметтік автокөлікпен ай-күні толған келіншекті уақытылы облыстық перзентханаға аман-есен жеткізді. Сондай-ақ, демалыс күндері тіркелген тағы бір дерек Атырау-Орал тасжолы бойында толғағы қысқан келіншегіне көмектесуді сұраған отбасына да шұғыл әрекет еткен полиция аға лейтенанты Бердібек Хабибуллаев пен Жангелді Оспанов көмекке келіп, аяғы ауыр келіншек уақытылы перзентханаға жеткізілді.

Баян Жанұзақова