Қызылшамен ауыратын науқастар саны бойынша бірінші орында Йемен (25 мыңнан аса), екінші орында Үндістан (15 мыңға жуық) тұр. Есепте үшінші тұрған Қазақстанда 12 985 жағдай тіркелгені көрсетілген. Алғашқы үштіктен кейін Эфиопия (11 мыңнан аса), Пәкістан (8 мыңнан жоғары), Конго (6 мың), Ресей (4305 жағдай) елдері тұр.
CDC орталығының тізімі қарашаның басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) жариялаған 2023 жылдың мамырынан 2023 жылдың қазанына дейінгі кезеңдегі деректерге сүйеніп жасалып отыр. АҚШ-тың медицина мамандары қызылшаның қатты өршіп кеткенін коронавирустық пандемияның салдарымен байланыстырады. Олардың есебінше, 2020-2022 жылдар аралығында қызылшаға қарсы вакцинаның 61 млн дозасы егілмеген немесе уақытынан кешіктірілген.
Ал Қазақстанда қызылшаның асқынуы вакцинациядан бас тартатындар қатарының көбеюімен байланысты. «Қызылшаға қарсы жалғыз ем – екпе алу» дейді мамандар. 6 желтоқсанда ОКҚ-да өткен сараптамалық брифингте ҚР ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басқарма төрағасы Манар Смағұл да осылай деп мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, күн сайын Қазақстанда қызылшаның 300-ге жуық жағдайы тіркеледі, жұқтырудың негізгі көрсеткіші вакцина алмаған адамдардың есебінен көбейіп отыр. «Жалпы республика бойынша ауру балалар арасында вакцинация жасатпаған балалардың үлесі 83,6%-ды құрады (13 670 жағдай). Өкінішке қарай, қазір қызылша ауруын жұқтырған адамдардың ішінде де вакцинадан бас тартып отырғандар бар», – деді Манар Смағұл. ДДСҰ мамандарының айтуынша, қызылша өте жұқпалы аурудың бірі, әдетте ол вакцинация деңгейі төмендеген кезде бас көтеретін вирус.
Ұлағат БЕКБОЛАТ