Әділет министрлігі Бишімбаев ісіне қатысты тың деректерді жария етті

Нүкенованың мәйітіне 12 сараптама тағайындалған.

Әділет министрлігі атышулы Бишімбаев ісіне қатысты тың деректермен бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz KTK телеарнасына сілтеме жасап. 

Салтанат Нүкенованың мәйітіне 12 сараптама тағайындалған.

– Қуандық Бишімбаевтің ісіне қатысты айтар болсақ, Салтанат Нүкенованың мәйітіне сараптама жасау туралы қылмыстық іс аясында материал келіп түскені рас. Оның қалай қайтыс болғанына қатысты мән-жайды айта алмаймыз. Қылмыстық іс аясында 12 түрлі сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы шығарылып, құзырлы органдарға жіберілді, – деді ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли. 

Он бірінші сараптама осы аптада аяқталады, дейді ресми өкіл. Ал соңғысы күні кеше ғана келіп түскен. Талдаудың қорытындысы құзырлы орындарда жолданғаннан кейін, іс екі тараптың танысуына жіберіледі.

«Жалпы тергеу амалдары таяу арада аяқталуы тиіс» деді Марат Қожаев. 

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаев 9 қарашада ұсталған. Экс-министр некелі жарын асқан қатыгездікпен өлтірді деп айыпталуда. Марқұм 31 жастағы Салтанат Нүкенова оқиға орнында алған ауыр жарақатынан тіл тартпай кеткен. Бұрын істі болған, бірақ жазасын толық өтемей бостандыққа шыққан Бишімбаевқа бұл жолы қаншалықты ауыр жаза тағайындалатыны әзірге белгісіз. Күдікті қазір тергеу изоляторында қамауда. 

– Жақын арада бітуі керек, сараптамалар дайын болған соң. Ақпарат бәрі дайын деп айта алмаймын. Сараптамалар біткен соң, тергеуші істі бітірген соң, іс құжаттарымен екі жақты да таныстыру керек. Ол да бір уақыт алады. Содан кейін сотқа жіберіледі, – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев.