Алматыда бірнеше көлік соқтығысып, жеті адам зардап шекті

Жол апаты "Адем" сауда үйіне қарама-қарсы бетте, Солтүстік айналма жолдың бойында болған.

Жол-көлік оқиғасына қатыстылардың айтуынша, жол апатына Toyota Camry көлігі себепкер болған, -  деп жазды Aikyn.kz.

Zakon.kz. мәлімдегендей, ол Солтүстік айналма жолмен солтүстік бағыттан келе жатқан. Қозғалыс кезінде ол жолдың әр жолағына өтіп, ары-бері ойқастай берген. Осындай маневрлердің бірінде Toyota Chevrolet Cobalt көлігіне соғылады.

Одан кейін Toyota Chevrolet Nexia-ға қарай ұшып кетеді.

Соққыдан Nexia жол шетіне ұшып, тротуарға шығып кетеді. 

Ал бұл кезде Toyota жолдың қарама-қарсы бөлігіне ұшып, Nissan Primera, Mercedes-Benz көліктеріне соқтығысып, ақырында Toyota Land Cruiser Prado-мен бетпе-бет түйісіп барып тоқтайды.

Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасы болған орынды қоршады. Осыған байланысты бұл бағытта көлік кептелісі болды.

Алдын ала ақпарат бойынша, 7 адам ауруханаға жатқызылды. Toyota Land Cruiser Prado-дағы балаларымен қоса әйел адам зардап шекті. Балалардың бірінің қолы сынғаны айтылады. 

Апаттың барлық мән-жайын жол полициясының қызметкерлері анықтайтын болады.