Президенттің діттегені – Қазақстанды озық ойлы озат елге айналдыру

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатына қатысты пікір білдірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған сұхбатын оқып, қуанып қалдық. Елге есеп беру де, адамның өзіне-өзі есеп бергені сияқты жұмыстың жүйелі жүргізілуін пысықтаудың бір амалы.

Ел басқару да, отбасын басқару да оңай емес. Қоғамда болып жатқан отбасылық оқиғаларға қарап осыны байқауға болады. Ал  ел басқару ісінде ең алдымен саяси реформалар жасалуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қаңтар оқиғасынан кейін бірден кіріскен ісі ішкі-сыртқы саясатты реттеу болды. Оны біреулер дұрыс түсінбеді. Әлі күнге өзгеріс күтіп жүргендер көп. Кадрлық резерв тұрмақ, жай құрамның өзін жаңалау және толықтыру үшін біршама уақыт кетеді.

Елімізде өтіп жатқан облыс, қала, аудан және ауыл әкімдерінің, Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының жаңаша ережемен сайлануы осы жолдағы үлкен қадам. Қазір бұқараның өз таңдауымен сайланған 700-дей әкім жарыса жұмыс істеп жатыр. Әкімдер сайлауы іскер әрі белсенді азаматтар арасында бәсекелестік қалыптастырып, қызметке деген қызығушылығын арттырды. Сайланып алып, өз жұмысын көрсете алмайтын әкімдерді қызметінен кетіруге мүмкіндік бар. Сондықтан абыройсыздықтан қорқып абыроймен қызмет етеді, не кетеді. Өз атына кір келтірмеу үшін өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Көңілдегісін сайлағанына халық та мәз.

Керек десеңіз, Президенттің өзін-өзі бір мерзімнен артық сайлаудан бас тартып, саяси реформаларды референдум арқылы Конституциямен бекітіп қойды. Бұған Қазақстан азаматтары тікелей араласты. Президент халыққа шектеу қойып жатқан жоқ. Керісінше, халықтың үніне құлақ асатын мемлекет құрып келеді. Тіпті, билікке деген базынасын білдіру үшін митингке де рұқсат етілді. Өкінішке қарай, бізде митингке шығу мәдениеті мен тәртібі қалыптаспаған, соның салдары басбұзарлық пен жаппай тәртіпсіздікке ұласса, халықтың аңғалдығын саяси "содырлар" өз мүддесіне пайдаланып кетті. Қаңтардағы бейбіт шерудің қаралы оқиғаға айналуы митинг мәдениетінің қалыптаспағаның дәлелі.

Бірі несие алып, бірі жылдар бойы жиған ақшасына ашқан кәсібін талқандау есті адамның әрекеті емес, қасақана қастық. Қаңтардағы қақтығыстарды күштеп тоқтатпағанда, халықтың өзін бір-бірімен қырқыстырып, соңы неге апаратынын айтудың өзі қорқынышты. Саяси тұрақсыздық Егемендіктен айырылып қалу қаупін тудыратынын түсіну керек. Төңкерісшілердің көксегені  сол. Президенттің табандылығы мен қарапайым халықтың ауызбіршілігінің арқасында тыныштық орнап, мемлекетіміз сақталып қалды.

Президент өз сөзінде бейбіт шеруге тыйым салынбайтынын, ал  жаппай тәртіпсіздіктерге жол берілмейтінін қадап айтты. Петициялар мен бейбіт жиналыстарды реттейтін заңдар қабылданған. Әлемнің алпауыт мемлекеттерінде де халық бейбіт шеруге шығып тұрады. Өз талаптарын айтып, бейбіт мәмілемен тарқайтындары көп. Президент пәрменімен "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы бекітіліп, халықпен кері байланыс орнатылып, мүмкіндігінше ең өзекті мәселелер шешіліп келеді. "Сабақты ине сәтімен" дегендей, барлық проблема рет-ретімен шешімін табуда. Тек, әйтеуір, жер-жердегі атқарушы билік мемлекеттік міндеттерге асқан жауапкершілікпен қарап, өз ісін адалдықпен атқарса екен. Сонда халық Президенттің игілікті істерінің жемісін көреді.

Ата заңымызда жазылған азаматтарымыздың құқықтарын қорғау, әділеттілік сақтау үшін Конституциялық сот қайта қалпына келтірілді. Конституцияға бұрынғыдай ешкім оңды-солды өзгерту енгізе алмайды. Кез келген өзгерту Конституциялық соттың оң қорытындысына сәйкес,  Парламенттің қарауынан кейін референдум арқылы енгізіледі. Президенттің уәкілетті мерзімін жеті жылдан асырмау және бір рет сайлау да заңмен бекітілді. Кім өзіне осындай "әділетсіздік" қылады? Әділдікті ұстанатын Президенттің діттегені билік емес, мемлекет пен қоғамның дамуы, озық ойлы ұлт пен озат елге айналдыру.

Әділетті қоғам заң мүлтіксіз орындалуы тиіс. Ел ішінде тәртіп бұзатын балалар да, үлкен азаматтар да бар. Сөз еркіндігі берілді екен деп ойына келгенін айта салатындар көбейіп кетті. Қазір көп адамның уақыты әлеуметтік желіде босқа өтіп жатыр. Одан қалса, кісінің ойына келмейтін қылмыстар жасалып жатыр. Президент өз Жолдауында әйелдер мен қыздардың тағдырларына алаңдаушылық білдіріп, отбасылық зорлық-зомбылық жасағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтетін заң әзірленуде. Қытайлар мен жапондарда, тіпті іргедегі өзбектерде ондайға уақыт жоқ. Ең болмағанда ғылым мен білім қуып жүретін жұрт жетерлік. Қазір Мемлекет басшысының нұсқауымен білім және ғылым саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Іскер әрі білімді азаматтар тек өз ісімен айналысып, өзгенің шаруасына араласпайды. Озық ұлт құру үшін алдымен санамен жұмыс істеу керек. Президент тәрбие мен білімге көңіл бөлді. Қазір республика бойынша оқуға жайлы мектептер салынуда. Жастардың білім алуы үшін заманауи талаптар жасалуда. Тарих түгенделе бастады. Қазақстан тарихының көптомдығы жарыққа шықса, ұрпаққа мол мұра қалады деген сөз.

Президент тапсырмасына сәйкес,  2019 жылы 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді. Былтыр жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Азаматтарды құқықтық, экономикалық тұрғыда сауаттандыру жүргізілуде. Сол сияқты заңды белден басқан сот орындаушылары мен коллекторларды қатаң жазалау қарастырылуда. Жалақы, зейнетақы, жәрдемақылар көлемі ұлғайтылып келеді. Мұның бәрі әлеумет үшін жасалып жатқан игі істердің бір парасы.

Еліміздің отын-энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін АЭС салыну керек. Бұл бастаманы ел болып қолдау қажет. Фукусимоны салған жапондар өз сұранысын өтеп келеді. Апатқа ұшыраса да атом электр стансасын жауып тастаған жоқ. Ішкі қажеттілікті өтеу үшін бізге де сондай тәуекелге бару керек. Жылу электр орталықтарының ахуалы көңіл көншітпейді. Қыс ауасында тоңып, зардап шегіп жатқан жергілікті тұрғындар. Осы орайда Президент инженерлік инфрақұрылымдарды қарқынды жүргізуді тапсырды. Атқарушы билік тарапынан шикіліктер кетпесе халық тоңып секірмейді.

2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есеге арттырып, 450 миллиардқа жеткізу жоспарланған. Дүниежүзілік қаржылық ұйымдар Қазақстанда ондай межеге жеткізетін қарқын байқамай жатыр. Ал  Президент ішкі жалпы өнім көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр 15 пайызға өскенін ескеріп, жоспарланған межеге жетуге болатынын айтты. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткіші 13 мың долларға жуықтаған. Осындай қарқынмен 2029 жылы белгіленген межеден асып кету де бек мүмкін. Президент макроэкономикалық көрсеткіштерден бұрын азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне ерекше мән береді.

Мемлекет басшысының бастамасымен билік пен бизнестің қарым-қатынасын реттеу мақсатымен Салық кодексі және тағы да басқа заңдарға өзгертулер енгізілуде. Үкіметке салық жүйесін жетілдіруде тек төлем жинау тәсілімен шектеліп қалмауды тапсырды. Экономиканы көтеретін жобаларды қолдайтын инвесторларды қолдауға шақырды. Бюджет кодексі әзірленді. Кіріс көздерін көбейту керек. Ол үшін Үкімет халықты салық және басқа төлемдермен қинамай, жұмыс орындары мен табыс түсіретін жаңа жобаларды жүзеге асыруы тиіс. Жұртшылықтың табысын инфляция жеп жатқанда, салық және басқа төлемдерді міндеттеу жығылған үстіне жұдырық болады. Үкіметтің құзыреті кеңейтілді. Десе де, Президент әр алмақтың салмағы барын әдемі ескертіп өтті. Халық тарапынан азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық техника, үй, көлік, салық, айыппұлдарға қатысты шағым толастар емес. Президент Үкімет пен атқарушы билікке іс-қимыл стратегиясын ширату керектігін өте дұрыс айтты.

 Кадрлық саясатқа қатысты да сын көп. Мемлекет басшысы мұның да шешімін тапты. Әкімдіктер мен мәслихаттарда жас мамандар бас бола бастады. «Жас келсе іске» деген емес пе!? Елдің Президентке деген сенімін қол астындағы және түкпір-түкпірдегі мемлекеттік қызметшілер адал еңбегі, іскерлігі, әділдігімен қалыптастырады. Біз Президенттің білімділігі мен біліктілігіне, көрегенділігі мен дипломатиялық қарым-қабілетіне қарай, дұрыс саясат құрып, даңғыл дамуға бастағанына куәміз. Жаңа Қазақстанды жаңаша өркендету басшыға қосшы бола білетін жалпыхалықтық міндет. Тек сәттілік тілейміз!

Қайрат Балабиев, Мәжіліс депутаты