Ақтөбеде оқушылар мінген көлік апатқа ұшырады: қайғылы оқиғаға қатысты сот басталды

Ақтөбеде олимпиадаға бара жатып қаза болған қос оқушы мен мұғалімнің өлімі көпшіліктің есінен шыға қойған жоқ.

Бұл оқиға осыдан үш ай бұрын Ырғыз ауданында болған еді. Айыпталушы орнында сол күні көлік жүргізген мектеп мұғалімі жауап беріп жатыр, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

КТК телеарнасы мәлімдегендей, Жаныс би ауылының бес оқушысы ұстазымен бірге аудан орталығына бара жатқан. Жолдың жартысына жеткенде жеңіл машина қарсы бағыттағы жүк көлігімен соқтығысады.

Соттың алғашқы отырысына марқұм оқушылардың ата-анасы да қатысты. Қаза тапқан оқушының бірі - сотталушының туған қарындасы. Ол қамауда отырып бауырының қабіріне топырақ та сала алмады.

Жәбірленушілер бұл сынаққа да көндік деп отыр. Көлік тізгіндеген жүргізушінің ауыр жаза арқаламағанын қалайды.

Бірақ боранды күні олимпиада ұйымдастырып, шалғай ауылдардан оқушыларды тасымалдау жағын қарастырмағандарға өкпесі қара қазандай.

«Үшеуміз де ағайынбыз, іргелес көршіміз. Жаныс би деген кішкентай ауыл. Үш үйдің шаңырағы ортасына түсті. Болар іс басымызға түсті. Сол сынаққа көндік. Енді мынаған халықтың тілегі қабыл болса екен дейміз. Ауылдың бәрі осы балаға тілекші болып отыр. Қабыл болса екен, жеңілдігін берсе екен дейміз», - Гүлбану Бахманова.