Олжас Сүлейменов 88 жасқа толды

Бүгін ақын, саясаткер, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов 88 жасқа толды.

Олжас Сүлейменов әр жылдары «Казахстанская правда» газеті редакциясында бөлім меңгерушісі, «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты секілді қызметтерді атқарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Ол қаламы қарымды ақын ретінде де танымал. Оның алғашқы өлеңдер мен поэмалар жинағы «Арғымақтар» деген атпен жарыққа шықты. Кейін «Адамға табын, Жер, енді» туындысы бүгінгі ТМД елдері халықтарының тілдеріне аударылып, жеке-жеке кітап болып бірнеше рет басылды", – деді Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Қаламгер кинодраматургия, әдеби зерттеу саласында да еңбек етті. Оның жазған сценарийі бойынша «Атамекен», «Көгілдір маршрут», «Қыс – қолайсыз маусым», «М.Әуезов туралы сөз» және т.б. фильмдер түсірілген. «Аз и Я», «Язык письма» атты тілге қатысты зерттеулері жарық көрді. Ал «Жалынның шалқуы» атты өлеңдер жинағы француз тілінде басылып шықты.  

Ядролық сынаққа қарсы «Семей-Невада» қозғалысының лидері, қоғам қайраткері «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі», «Отан» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды.