Олимпиадаға іріктеу турнирі: ертең шаршы алаңға шығатын боксшылар белгілі болды

Бангкоктағы турнирде боксшылар Парижде (Франция) өтетін Олимпиада ойындарына қатысу құқығын беретін лицензия үшін сынға түсіп жатыр.

Сейсенбі, 28 мамырда Қазақстанның екі боксшысы Бангкоктағы (Таиланд) Олимпиадаға іріктеу турнирінде өнер көрсетеді, - деп хабарлайды Aikyn.kz  Sports.kz-ке сілтеме жасап.

Күндізгі сессияда 63,5 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін боксшымыз Мұхаммедсабыр Базарбайұлы 1/16 финалда түрік боксшысы Мизан Айкөлмен жұдырықтасады. Олар төртінші жұп болып шаршы алаңға шығады, шамамен Астана уақытымен 11:45-те басталады. Жекпе-жектің тікелей трансляциясын Қазақстан бокс федерациясының Instagram желісінен көруге болады. 

Кешкі сессияда қазақстандық боксшы Ұлжан Сәрсенбек өнер көрсетеді. 54 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін ол 1/16 финалдық кезеңде америкалық Шера Мэй Патрисиомен кездеседі. Бұл жекпе-жек сессиядағы екінші жекпе-жек болады және шамамен сағат 16:45-те басталады. 

Естеріңізге сала кетейік, Бангкоктағы турнирде боксшылар Парижде (Франция) өтетін Олимпиада ойындарына қатысу құқығын беретін лицензия үшін сынға түсіп жатыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.