Елімізде білім гранттарына қатысты жаңа квоталар енгізілмек

Жаңа квота түрлері Үкімет басшысының өкіміне сәйкес қолданысқа енгізіледі.

Қазақстанда биылдан бастап жоғары оқу орындарына қабылдауға арналған квота түрінің саны артады. Ғылым және жоғары білім министрлігі құжат жобасын Ашық НҚА порталында қоғам талқысына ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жаңадан енгізілетін квоталар:

- әскерге шақыру бойынша мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген Қазақстан азаматтары үшін – 1%;

- жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жерде зардап шеккен азаматтар үшін – 20%.

Министрліктің мәліметінше, бұл квота түрлері Үкімет басшысының өкіміне сәйкес қолданысқа енгізіледі.

Су басқан өңір түлектеріне арналған квота туралы бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған болатын. Бұл квота бойынша биыл 12 528 грант беріледі. Бұл биылғы мемлекеттік білім гранттарының бестен біріне тең.

Қазақстанда бұған дейін квотаның 9 түрі бар болатын.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.