Өнертапқыштар ерекше күтім қажет балалар үшін жаңалық ұсынды

Жеті команда ерекше күтім қажет ететін жандарға арнап жасаған инновациялық әзірлемелерін ұсынды.

Сәтбаев университетінде мейкатон «ТОМ: Almaty» жобасы аясында жасалған прототиптердің тұсаукесері өтті. Алматы, Көкшетау, Қарағанды және Шымкенттен келген жеті команда ерекше күтім қажет ететін жандарға арнап жасаған инновациялық әзірлемелерін ұсынды.

Командалар ұсынған прототиптер тізімі:

Мүгедектердің механикалық арбасына арналған велоқондырғы; Балаға арналған арнайы өлшемді жеке ортез ; Балаға арналған арнайы өлшемді вертикализатор; Аяқты қалыпқа келтіруге арналған тренажер «NK-Motion simulators»; ДЦП диагнозы бар балаларға арналған горизонталды скалодром; Тізе тамырларын жетілдіруге арналған тренажер; ДЦП диагнозы бар балалардың қол саусақтарының бүгілуін қалыпқа келтіретін қолғап. 

Мейкатон – бұл таптырмайтын бірегей платформа, мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген өнертапқыштар 72 сағаттық үздіксіз жұмыс барысында ерекше күтімді қажет ететін жандар үшін прототиптер жасайды. Жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде өнертапқыштар прототип жасайтын адамдармен танысады. Олардың өлшемдерін алып, өзара байланыс жасайды да, ішкі тілек-ниеттерін анықтайды. 24-27 мамыр аралығында өткен екінші кезеңде командалар прототип үлгілерін жасап, оны құрастырады, өміршеңдік қабілет беретін құрылғыларды іске қосып, оны қазылар алқасына ұсынады.

Мейкатон жеңімпаздары:

1-орын: ДЦП диагнозы бар балаларға арналған горизонталды скалодром жасаған «Unimates» командасы.

2-орын: Балаға арналған арнайы өлшемді вертикализатор жасаған «НЕискусственные интеллекты» командасы.

3-орын: Балаға арналған арнайы өлшемді жеке ортез жасаған «Augmentation team» командасы.

Барлық жеңімпаз командалар Sulpak сауда белгісінің түрлі номинациядағы сыйлық сертификаттарымен марапатталды. Ал қалған командалар Сәтбаев Университеті атынан сыйлық ретінде HP брендінің мониторлары мен принтерлерін алды.

«TOM: Almaty» Мейкатон жобасы биыл он бесінші рет өткізіліп отыр. Бұл жобаның бірлескен ұйымдастырушысы және командаларға сараптамалық қолдау көрсеткен «ДОС Ортопедия» командасы да жобаға қосылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.