Не десек те, бұл күндері шетелдік орта мен жоғары оқу орындарында оқып жүрген қаракөздер көз қуантады. Дулат Айтуған – мұхит асып, режиссура саласындағы талабын шетелдік тәжірибемен ұштастырып жүрген жастың бірі. Болашақта елге оралып, киноиндустрия саласына жаңалық енгізуді жоспарлап отырған жас режиссермен әңгімелескен едік.
– Дулат, режиссураға қызығушылығыңыз қашан, қалай басталғанын айтып беріңізші.
– Кішкентайымнан түрлі жанрдағы кино көріп өстім, қызығушылығым да сол кезден басталды десем болады. Әкем – фотоға, видеоға түсіргенді жақсы көретін кісі. Отбасымның әр мүшесі өнерге жақын. Әртүрлі мерекеде немесе үйге қонақтар жиылғанда әкем камерасын алып, естелік үшін суретке түсіретін. Апта сайын әкем бәрімізді жинап, фильм көрсететін, бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасын тауып отыр. Бір күнде 2-3 фильмді бірге тамашаладық. Соның ішінде әлемге әйгілі өте мықты фильмдерді көрсететін. Кейде отбасымызбен кинотеатрға баратынбыз, әр фильмді көргеннен кейін алған әсерімізбен бөлісіп, түйгенімізді айтып бердік. Мектепте оқып жүргенде де өтіп жатқан іс-шараларды видеоға түсіріп жүрдім, кейде көшедегі бейтаныс адамды суретке түсіріп алып, өзіне көрсеткенде таңғалып рақметін айтатын еді. Сол уақыттарда әлемге әйгілі режиссер болу туралы алғашқы ой жиі келіп жүрді.
Тағы бір айтарым, «Астана» құрамасында 11 жыл кәсіби хоккеймен айналыстым. Қазақстан чемпионатында бірнеше рет жеңімпаз болдық. Сөйтіп, колледжді бітірген соң, алты ай мерзімге ағылшын тілін үйрену үшін Варшава қаласындағы Вистула университетіне түстім. Оқуды бітіріп, Варшавада «Режиссер ассистенті» мамандығын жалғастырдым. Бірде әлеуметтік желіде «Дара» қоры тамызда Қазақстандағы ең ауқымды фестиваль жариялады, басты жүлде – әлемде ең мықты кино мектептің бірі саналатын New York Film Academy-ға жолдама. Бұл хабарландыруды Нұрлан Қоянбаевтың әлеуметтік желідегі парақшасынан көрдім. Бала күнгі арманымның алдымнан мүмкіндік болып шыққанын жіберіп алғым келмей, бақ сынап көрдім. Ол нәтижесіз болған жоқ.
– Киноиндустриясы дамыған АҚШ-қа оқуға түскен кезіңіздегі жаңалықты қалай қабылдадыңыз? Грантты жеңіп алу үшін қандай тәуекелдерге бардыңыз?
– Польшада жүргенде мықты кәсіби мамандардың ортасында жұмыс істедім. Жұмысымды телефоннан кәсіби кинокамераларға ауыстырдым. Польшаның танымал жұлдыздарымен, актерлерімен бірге жұмыс істедім. Бейнебаян, жарнама роликтері, қысқаметражды, деректі фильм түсірдік. «Дара» қоры ұйымдастырған фестивальдің бірінші кезеңінде топ-100 қатарына кірдім. 7 маусымда фестивальге арналған видео түсіріп, 19 шілдеде 8 мыңға жуық қатысушының ішінен топ-20 үздіктер қатарынан табылып, жеңімпаз болдым. Фестивальдің басты талабы – видеоны телефон арқылы түсіріп, монтаждау. Фестивальден өткен соң ұйымдастырушылар хабарласып, Қазақстанға келуімді ескертті. Келген соң виза жасатуға мүмкіндік болмай қалғаны тағы бар. Ол кезде Қазақстанда жүріп жарнама роликтері мен шорт-фильм түсіріп үлгердім. Сөйтіп, қыркүйекте баруым керек болған оқуға қаңтарда барып, Лос-Анджелестегі New York Film Academy-да қарқынды курспен режиссер мамандығын оқып шықтым.
Айтпақшы, сол кезде фестивальге қатысып, грант жеңіп алған қазақстандық 19 жас режиссер болса, ішіндегі жалғыз мен ғана мемлекеттен тыс қатысыппын. Оқу курсы аяқталған соң, білімгерлердің барлығы Қазақстанға қайтты. Ал менің Америкада уақытша қалуыма тура келді. Өйткені Польшада бірге жұмыс істеген продакшндар АҚШ-қа келген бойда керемет келісімшарт ұсынды. Бұл сәтті мүмкіндік ретінде қабылдадым да, тағы да тәжірибемді шыңдау керек деген ойда уақытша қалуды жоспарладым.
Бұған дейінгі ең үлкен жобам – Варшавада түсірген алғашқы клипім және әлемге әйгілі фильмдер түсірілген АҚШ-тағы universal studios pavilion-дағы жұмысымыз. Мұны да бір мүмкіндік деп қабылдаған дұрыс шығар.
– Байқасақ, оқуға түспей тұрып-ақ бірнеше елдің тәжірибелерін көріпсіз. Осы режиссурадағы тәжірибеңізге сүйене отырып, Қазақстан мен шетелдік режиссура саласын қалай бағалар едіңіз?
– Тәжірибем аз болса да мынаны айтқым келеді: Еуропада фильммейкинг жақсы дамыған, соңғы 2-3 жылда әлемнің түкпір-түкпірінен келген талантты мамандар өз үлесін қосып, киноның дамуына ерекше ықпал етті. Еуропадағы кино саласындағы керемет жүйе – жобаның сәтті шығуына ыңғайлы жасалған техника. Өкінішке қарай, бұл елдің киноиндустриядағы беталысы Қазақстанмен салыстырғанда алдыңғы қатарда. Польшада бірқатар видео түсіріп елге келген соң, кино саласына бөлінетін бюджет көлемі өте аз екенін, техниканың да тапшы екенін байқадым. Осы тұста көп адам менімен келіседі деп ойлаймын. Бірақ Қазақстанда мықты, талантты жастар көп.
Қазір жаңа буын жастар өсіп келе жатыр, операторлардың өзі жаңа ережелер шығаруда. Тіпті, соңғы шыққан фильмдердің өзі кассасы ауыз толтырып айтарлықтай. Шынымды айтсам, Польшада жүріп, қазақстандық жобаларды мақтанып тұрып көрсететінмін. Қазір елімізде талантты режиссерлер жеткілікті, тіпті көп деп айтсам да болады. Соларға шетелдіктердің өзі қызығып отыр. «Қазақтар талантты, тың дүниелерді тез қағып алады, көрерменнің ішкі ойын сезіне алады» деп таңғалады.
– Қай режиссерлерді үлгі тұтасыз?
– Мен үлгі тұтатын заманауи режиссерлерім – атақты Квентин Тарантино, Кристофер Нолан, Дэвид Финчер, Роберт Родригес, Ридли Скотт, Стивен Спилберг, Винс Гиллиган, Мартин Скорсезе. Болашақта осы режиссерлер түсіргендей фильм жарыққа шығаруды мақсат қойып отырмын. Ал отандық режиссерлерден Тимур Бекмамбетов – өзі қазақ, атын бүкіл киноиндустрия әлемі таниды десем артық емес шығар. Өзім сияқты жас режиссерлердің арасында Ернұр Башпай, Айтөре Жолдасқали, Медет Шаяхметов, Айсұлтан Сейітовтердің жұмысына қарап, өзімді түзеймін. Олардың да есімдері көпшіліктің құлағына жеткен. Медет Шаяхметовті Қазақстанда көп айта бермейді екен, өте талантты режиссер, ол әлемдегі ең мықты музыкантқа, Канье Уестке бейнебаян түсірген. Одан бөлек, америкалық қаншама жұлдызы жанған адамдардың бейнебаяны – Медет Шаяхметовтің туындысы. Айтпақшы, режиссер Кана Бейсекеев деген 2015-2016 жылдары Америкадағы қазақтар туралы видео түсіріп, YouTube арнасына жүктеген болатын. Сол жұмысқа қатты қызыққаным бар. Еуропада жүргенде осындағы қазақтар туралы неге түсірмеске деп ойлап, содан Францияға, Нидерландыға барып қазақ отбасының өмірін түсірдім.
– АҚШ-та алған біліміңізді Қазақстанға келіп қолдану ойыңыз бар ма?
– Әрине. АҚШ-та біраз тәжірибе жиған соң, Қазақстанда фильм түсіру бұрыннан жоспарымда бар. Менің өзіме қойған басты талабым – қаралым санына мән бермеу, фильм тек көрерменнің көңілінен шықса болғаны. Сондай-ақ ол киноны тек Қазақстан ғана емес, әлем тануы керек. Менің «Ай бала» деп аталатын авторлық өз жобам бар, ол әлі де дайындық үстінде. Мен үлкен команда құрғым келеді. VFX (визуалды эффектілер) әртістерінің тобын қалыптастырып, болашақта жақсы нәтиже көрсетсе, ірі компаниялармен тікелей жұмыс істейтін толыққанды продакшн компаниясын құруды жоспарлап отырмын. Бұл арқылы әріптестеріме жобалар табуға, әрі қарай өсуге, жақсы табыс табуға, тағы сол сияқты қадамдарына көмектескім келеді. Ақырғы шыңда қазақша мультимедиялық студия – Lyrical Limonade жасау да жоспарымда бар.
Қазір АҚШ-тағы керемет продюсерлік компаниямен, талантты әртістермен жұмыс істеуді жоспарлап отырмын. Америкалықтар – мейірімді халық, олар қызығушылығы жанып тұрған адамды көрсе, көп мүмкіндік береді. Солардың тарапынан беріліп отырған мүмкіндікті дұрысынан пайдаланып, келешекте қазақ жерінде қазақ актерлерімен жанры мүлдем ерек фильмдер түсірсем деген ниетім бар. Шетелдік тәжірибелерді алатын жастар өте көп. Мен Польшада болғанда украиндар, беларустар, поляктар, тағы басқа мемлекет азаматтары қазақ жастары түсірген бейнебаяндарды, фильмдерді көріп әбден мақтаған. «Қазақтар үнемі «хит» түсіреді» деп те айтатын.
– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ