«Жылатқаным үшін өзімді кешірмеймін»: Медеу Арынбаев марқұм әйелі туралы айтты

Әнші отбасы туралы естеліктерін бөлісті.

ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші Медеу Арынбаев 14 жыл бұрын өмірден өткен марқұм жарын есіне алды, – деп жазды Aikyn.kz. 

Podcast Urpaq жобасына сұхбат берген әнші отбасы туралы естеліктерін бөлісті. 

“2010 жылы дүниеден озды. Дүние төңкеріліп кеткендей болды. Қыз күнінен қан қысымы төмен болатын. Сол дерт алып тынды. Ұлым 10 жаста, қызым  8-де еді. Мен студияға кеткенмін. Үшеуі үйде қалған. Жаңа жылдың басы болатын. Бір күні үйге келсем, әйелім құлап жатыр. Балалар қорқып кеткен, жылап отыр. Сол кезде жедел жәрдемді қалай шақыратынын да білмейтінімді түсіндім. Менің міндетім – тек ақша табу. Қалғанын Айгүл реттеп отыратын. Кешқұрым сәт болған соң, Алматының кептелісі басталған. Бір сағаттан кейін жедел жәрдем келді. Жарымнан мәңгіге айырылып қаламын деп ойламадым. Ауруханаға алып кеткеннен кейін, телефонмен сөйлестік. Дәрігерлер де “емін алғаннан кейін, үйге қайтады” деді. Соған сендім. Өзімен де телефонмен сөйлесіп, “балалар шошып қалған жоқ па, балаларды өзіңе тапсырдым” деп айта берді. Түнгі 11-де жағдайы күрт нашарлап, содан оянбады. Әлі күнге дейін жарымның дүниеден өткеніне сене алмаймын”, – деді әнші.  

Өнер иесі отбасы болған соң түрлі жағдай болатынын жеткізді.  

“Өмірінің соңғы кезеңінде қатты құлазып жүрді. Екеуміз орысша сөйлесетінбіз. “Бәрі жақсы менде, балаларға қамқор болшы. Біздің балаларымыз әлемдегі ең әдемі балалар” деп айта беретін. Сол кезде-ақ маған ақырындап балаларды тапсыра берген екен ғой. Қазір ойлап отырсам, ештеңе бас ауыртпағанмын. Ол кісінің мамандығы – скрипкашы. Менің табысым жетіп артылса да, жұмыс істегенді жақсы көрді. Бір күні үйге шаршап келгенде тамақ дайын болмапты. Сол кезде дауыс көтердім. Тамақ үшін емес, жұмыс істеп жүргеніне ашуландым. “Менің тапқаным жетіп жатыр, не жетпейді саған?!” деп айқайға бастым. Сосын балаларды киіндіріп, шығыс асханасынан кешкі ас іштік. Лифтіде тұрған уақытта көзінен жас шығып, жылап тұрғанын көрдім. Сол әрекетім үшін өзімді ешқашан кешірмеймін”, – дейді өнер иесі. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram арнасынан таба аласыз.