Қазақстанға Ресейден импортталған жарты тонна қызанақтан қауіпті вирус табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ҚР АШМ АӨК МИК Батыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық инспекциясының Орал қалалық аумақтық инспекциясының Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары межелі орында екінші қайтара тексеріс жүргізу барысында Ресей Федерациясынан келіп түскен 0,5 тонна қызанақ өнімінен карантиндік объекті – қызанақ жемісінің қоңыр қатпарлы вирусын (ToBRFV) анықтады.
– Қызанақ жемісінің қоңыр қатпарлы вирусы (ToBRFV) – бұл өсімдік вирусы. Белгілері – жұқтырған жемістерде пайда болатын қоңыр және мыжылған дақтар, мозаика және жапырақтардың бұрмалануы. Ауру өршуі мүмкін және жемістерді жарамсыз етеді.
Жоғарыда аталған факті бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, тәртібімен сотқа жолданды. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 400-бабы 2-бөлігінің 1-тармағына сәйкес сот айыппұл салды, – делінген хабарламада.
Сақтауда тұрған карантиндік қызанақты сот қаулысымен жою туралы шешім қабылданды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.