Елдегі су шаруашылығы жүйесін белсенді қалпына келтіру басталды – Нұрлан Байбазаров

Су шаруашылығы жүйесін жаңарту су қоймалары мен суару арналарын салуды, сондай-ақ қызметтердің техникалық инфрақұрылымын нығайтуды қамтитын болады.

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров еліміздің су шаруашылығы жүйесін белсенді қалпына келтіру басталғанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Үкімет су саласындағы 16 негізгі жобаны анықтады.

«Көктемде орын алған су тасқыны еліміздің су шаруашылығы жүйесі инфрақұрылымы дұрыс дамымағанын көрсетті. Біз 500 млрд теңгеден астам инвестицияны талап ететін 16 жобаны анықтадық», – деді вице-премьер Primeminister.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында.

Бұл инвестициялардың қаржыландыру көздері анықталған. Ислам даму банкі тарапынан жеңілдетілген қаржы тартылғалы отыр. Қаражат ұзақ мерзімге және өте төмен мөлшерлемемен беріледі, бұл аталған салада қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. 

Су шаруашылығы жүйесін жаңарту су қоймалары мен суару арналарын салуды, сондай-ақ қызметтердің техникалық инфрақұрылымын нығайтуды қамтитын болады.

«Ең алдымен, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз Төтенше жағдайлар министрлігінің жүйесіндегі техникалар мен құралдарды толық жаңартамыз. Су шаруашылығында “Қазсушар” жүйесін қажетті техникамен жабдықтаймыз», – деп атап өтті министр.

Сондай-ақ Нұрлан Байбазаров «Жасыл даму» қаражаты орман және су шаруашылығы, төтенше жағдайлар жүйесі секілді техникамен жасақтауды және оларды жаңартуды қажет ететін салаларға бөлінгенін атап өтті. Бұл – 200 млрд теңгеден астам қаражат. Жобалар бүгінде жүзеге асырылып жатыр, техниканың бірінші партиясы биыл жеткізіледі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.