Димаштың жолымен: «Singer» ән байқауында Рухия Байдүкенова бақ сынады (видео)

Ән байқауының 8-кезеңінде жерлесіміз "All By Myself" әнін шырқады.

Әнші, көптеген халықаралық ән байқауының жеңімпазы Рухия Байдүкенова Димаш Құдайберген қатысқан “Singer” жобасына қатысып жатыр, - деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Бұл туралы продюсер Ертай Нүсіпжанов instagram парақшасында жазды.

«Араға 7 жыл уақыт салып “Singer” сахнасына қайта оралдық. Бұл жолы – Рухия. 4 жыл үзілістен кейін тағы да миллиондаған көрерменге жол тартқан аты әлемге әйгілі музыкалық тележоба осы жылдың мамыр айында басталды. Бұл маусымның басты ерекшелігінің бірі – жоба тікелей эфирде өтіп жатыр. Бағалау халықтың дауыс беруі негізінде болады. Рухия бүгін, Қазақстан уақытымен сағат 17:00-де 8-кезеңде өнер көрсетеді. “Топ жару” статусымен келген бірінші шетелдік әншіге қойылған талап бойынша, Рухия алдыңғы 7-кезеңде үздік 4-ке енген әншілердің бірін таңдап, онымен жекпе-жек сайысқа түседі. Бағалаушы барша көрермендердің дауыс беру нәтижесі бойынша, жеңсе келесі кезеңге өтеді. Ал, жеңілсе біз үшін сайыс осы тұста аяқталады. Қалай болғанда да, бұл үлкен еңбек, артыс-тартыспен келген жеңіс. Жеңіс дейтінім үлкен сахнада тағы бір қазақ күллі әлемге өнер көрсетіп, қазақтың атын шығарады. Бұдан асқан жеңіс бар ма, сірә! Қуан қазақ! Қолда қазақ!» – деп жазды ол.

Ән байқауының 8-кезеңінде жерлесіміз "All By Myself" әнін шырқап, көптің қошеметіне бөленді. Алайда өкінішке қарай, келесі кезеңге өте алмады. Дегенмен әлеуметтік желіде жерлесіміздің талантын жоғары бағалап, оны келесі кезеңнен көрінуге лайық әнші деп санағандар көп.

Рухия алдыңғы 7-кезеңде үздік төртікке енген әншілердің бірін таңдап, онымен өзара бақ сынасқан болатын. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.