Павлодарда сүйіктісін тұншықтырмақ болған адамға сот үкімі шықты

Олар жалдамалы пәтерде кездесу кезінде төбелесіп қалған.

Павлодарда жарты жыл кездесіп жүрген сүйіктісін тұншықтырмақ болған адамға сот үкімі шығарылды, -  деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Ауырлатушы жағдайларды, яғни, оның мас күйінде қылмыс жасағанын және жеке басының теріс сипаттамасын ескере отырып, Қылмыстық кодекстің 107-бабы 1-бөлігінде көзделген ең жоғары жаза - 2 жыл бас бостандығынан айыру тағайындалды», — деп хабарлады Павлодар қаласының №2 соты.

Ер адам сүйіктісінің басы мен денесіне қолымен және аяғымен бірнеше соққы жасап, содан кейін тұншықтырған.

Әйел ауруханаға жатқызылып, сол жерде полицияға арыз жазған. Ол жігіттің оны ұрып-соққанын және зорлағанын айтқан.  Қылмыстық іс зорлау және денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру айыбы бойынша қаралды. Алайда сараптамалардың теріс нәтижелері салдарынан зорлау фактісі расталмады.​​​​​​​​​