Келіншек енесінің үйінен 1 миллион теңгеден асатын зергерлік бұйымды ұрлаған

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

22 жастағы елорда тұрғыны енесінің үйінен құны 1 миллион теңгеден асатын зергерлік бұйымдарды алып кеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Polisia.kz-тің мәліметінше, әйел алқа, жүзік, екі жұп сырға, екі ер жүзігін қолды еткен. 

Полицияға хабарласқан егде әйелдің айтуынша, бұрынғы келіні ұлымен ажырасқан соң әкесімен қалған балаларға қонаққа келген. Ол үйге әр барған сайын ломбардқа тапсыратын алтын бұйымдарды ұрлаған. 

Жедел іздестіру нәтижесінде Нұра ауданының полицейлері ұрлық жасаған келіншекті анықтаған. Ол кінәсін мойындап, заттай айғақтар алынып, әшекей бұйымдар иесіне қайтарылды. 

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Астана қалалық Полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды және оңай қол жететін жерлерде бағалы заттарды қалдырмауды ескертеді. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Тelegram  арнасынан таба аласыз.