«Әділ болғанын қалаймыз»: ҚР ҰОК Мұхаммедсабыр Базарбайұлының жекпе-жегіне қатысты шағым түсірді

Қазақстан ҰОК қазақстандық боксшылардың жекпе-жегінде төрелік еткен жекелеген төрешілерге қатысты PBU-ға ескерту жасады.

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті 63,5 келі салмақта жұдырықтасқан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен грузиялық Лаша Гурули арасындағы жекпе-жек нәтижесін түсіндіруді талап етіп, ресми түрде PBU-ға (Paris boxing Unit) шағым түсірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

«Қазақстан ҰОК Мұхаммедсабыр Базарбайұлының жекпе-жегіне қатысты шағым түсірді. Біз бұл нәтижемен келіспейміз және PBU-дан түсініктіме талап еттік. Бұдан ХОК та хабардар. Біздің ойымызша, қазақстандық боксшы 2024 жылғы Олимпиаданың жартылай финалына жолдама беретін маңызды кездесуде жеңіске жетті. Өткен жекпе-жектің нәтижесін қайта қарау мүмкін еместігін де түсінеміз. Алайда, біз ірі халықаралық жарыстағы төрелік әділ әрі таза болғанын қалаймыз», - деді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Утешева. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан ҰОК қазақстандық боксшылардың жекпе-жегінде төрелік еткен жекелеген төрешілерге қатысты PBU-ға ескерту жасады. Ескерту қабылданып, қазіргі таңда зерттеу жүргізіліп жатыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.